Балалар қандай кітап оқып жүр?
"Ерте, ерте, ертеде ешкі жүні бөртеде..." деп басталатын еді ертегілер.
Қазір балалар ертегі тыңдай ма екен?
Ол, енді, балаға байланысты емес, ата-ананың кішкентайдың бойына сіңіре білуінде. Біз өзімізде кітап оқып, баланы да соған баулысақ әрине, олардың қызығушылығы артады емес пе?!
Балалардың ішінде ертегі, кітап оқып жүргендер тұрмақ өлең, әңгіме, ертегі жазып жүргендері де бар екен. Солардың бірі - Разия Әкпар.
Ертегі жазған Разияның арманы не? Алдағы шығармашылығы қандай болмақ? Жалпы кейінгі ұрпақ қаншалықты кітап оқиды?
Оныншы сынып оқушысы Рәзия Ақпар ертегі жазады. Балалар әдебиетінінің атасы Бердібек Соқпақпаев шығармасымен сусындаған ол қатарластарының аса көп кітап оқымайтындығын айтады.
Рәзия Ақпар, 10-сынып оқушысы:
- Қазіргі кезде балалар әдебиеті аса танымал емес. Әрі қазіргі балалар бір минуттық видеоларды көп қарағысы келеді, кітап оқуға қарағанда. Сол себепті мен балаларды өзімнің ертегілеріммен байланыстырғым келеді. Мысалы қазір балалар комикстерді өте қатты жақсы көреді. Сол үшін мен ертегілерімді комикс ретінде саламын.
Балалар әдебиетінің көңіл көншітпей тұрған тұсы көп. Мұны қалам ұстаған қыз-жігіттер де жоққа шығармайды. Баспаханалардан кітаптар шығып жатқанмен, әдеби сүзгі жоқ.
Олжас Қасым, ақын:
- Баспалардан өзіміз байқап жүрміз, Мұзафар Әлімбаев, Жақан Смақов, Қадыр Мырзалиевтердің кітаптарын алып оқыдық. Қадыр Мырзалиевтың көп томдығын қарап шыққан кезде о кісінің кезіндегі партияны жырлаған Ленин туралы өлеңдері «Октябрать боламын» деген сияқты өлеңдер еніп кеткен ішінде... Бұл әрине сүзгінің болмауы деп ойлаймын.
Кітап шығару ісіне мемлекеттен де көмек бар. Жыл сайын жарық көріп жатқан шығармалар бар. Былтыр 23 кітап 69 мың данамен жарыққа шыққан. Ал биыл үш жүзден аса өтінім түскен. Оның да жиырма пайызын балалар әдебиеті құраған.
Алмаз Мырзахмет, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив құжаттама және кітап ісі комитеті басқарма басшысы:
- Тоғыз әдебиет бойынша жылда кітаптар қабылдаймыз және қолжазбаларды сатып аламыз. Соның ішінде балалар әдебиетіне басымдық берілген. Яғни балалар әдебиетінің қаламгерлері өзінің жаңадан жазған шығармаларын министрлікке ұсыну арқылы 16 бетіне 480 мың теңгедей гонорар алатын бюджеттік бағдарлама бар. Және де бұрын басылып шыққан кітабын осы бағдарламаға ұсынуға болады. Тек бұл жерде қаламақы төленбейді. Қаражат басып шығаратын баспаға беріледі.
Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың тиражы үш мың дана. Барлық кітапханаларға таратылады. Бұл шығармалар оқырманға қолжетімді деп айтуға болады. Мұның сыртында жеке баспалардан шыққан түрлі дүниелер дүкен сөрелерінде самсап тұр. Сондықтан кітап бар. Ал оқырманның аз болуы бәлкім сол көп кітаптың сапасында емес пе екен деген күдік басым. Болашақта оқырманды үйіріп әкетер, сыйқыры бар шығармаларды бәлкім бала жазушылар жазар? Кім бледі?!
Асантемір Қаршығаұлы, Бағдат Қайыркен