Петропавлда «Жайлы мектеп» аясында төрт білім беру ұйымы салынады
Петропавл қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 орта білім беру ұйымы салынады.
Бұл мақсатқа ел қазынасынан 21 млрд теңге бөлінген.
Заманауи оқу ордаларына қай шағын аудандар таңдалды? Құрылыс қарқыны қалай жүріп жатыр?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- «Жайлы» деген мектептің бірі қала шетіндегі «Орман» шағын ауданында салынып жатыр. Білім беру мекемесі 600 орынға шақталған. Үш қабатты ғимарат жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.
«Орман» шағын ауданы жылдан жылға үлкейіп барады. Соңғы кездері көпқабатты үйлер де салына бастады. Көшіп келген тұрғындарды мектептің жоқтығы ғана мазалайтын. Сондықтан олар жаңа құрылысқа дән риза.
Бейнегүл Қасенова, қала тұрғыны:
- Бізге әрине мектеп керек. Біздің осы балалар ортаға барып оқиды көбіне. Мынау балабақша болғанмен школ жоқ. Сондықтан әрине керемет. Мынау тамаша деп ойлаймын. Өзіміздің балаларға осындай білім шырағы ашылып жатқанына.
Дәл осындай тағы бір мектеп «Береке» шағын ауданында бой көтеріп жатыр. 600 орындық нысанның құрылысы былтыр басталған. Жалпы, ұлттық жоба аясында Петропавлда 4 білім ордасы салынады.
Андрей Токарев, қалалық білім бөлімінің бас маманы:
- Биыл тағы екі мектептің құрылысы басталады. Олар «Қопай» және «Жас өркен» ықшам аудандарында салынады. Оқу ордалары бір жарым мың балаға арналған.
Бұл мектептер орын тапшылығын шешуге оң ықпал етеді. Заманауи оқу ордалары бірден 3 мыңға жуық баланы орта біліммен қамтуға мүмкіндік береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов