Қазақстандық оқушылар FLEX бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқып жүр
FLEX атты халықаралық бағдарлама бар. Яғни болашақ көшбасшылармен алмасу жобасы 1993 жылдан бері іске асып келеді.
Мақсаты АҚШ және Еуразия елдері арасында ұзақ мерзімді бейбіт қарым-қатынас орнату.
- Бұған дейін Алматыда бір жыл оқыған американдық оқушылар туралы айтқан едік. Қазақстандық балалар да жыл сайын осы бағдарламаға қатысып, бақ сынайды. Былтыр мыңдаған оқушы сайыстың бірнеше кезеңіне қатысқан. Америкада бір оқу жылын өткізуге арналған стипендияны тек 100 шақтысы жеңіп алды. Олар АҚШ-та еріктілер отбасында тұрып, мемлекеттік мектепте оқиды.
Полина өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсетіп, сайыста жеңген оқушылардың бірі. Ол алмасу бағдарламасы бойынша Мэриленд штатына келді. Осында жарты жылдай 10-сыныпта оқып шықты. Қос елдің білім жүйесін салыстырғанда, американдық мектепте сабақтың саны аз болғанымен уақыты ұзағырақ екенін айтады. Оқушыларды тек таңдаған бірнеше пәні бойынша ғана дайындайды. Ал қазақстандық білім ордаларындағы басты артықшылық біздің оқушылардың көптеген бағыттар бойынша білімі бар, - дейді ол.
Полина Жирякова, оқушы:
- Бұл жақта қазақстандық мектебіміз бен білім беру жүйеміз бізге беретін кең көзқарас жоқ. Бізде бәрі тезірек өтеді, көп жүктеме болады. Бірақ сонымен бірге біздің елімізде әрбір адам белгілі бір пәндер кешенін меңгеруі керек. Сондықтан біз географияны білеміз, кем дегенде қарапайым математиканы бәрі жақсы біледі. Және тілдерді біледі, біз бәріміз 3 тілді міндетті түрде үйренеміз.
15 жасар Арман Мэриленд штатындағы жоғарғы мектептің бірінде оқып жүр. Талапты бала ағылшын тілін екінші сыныптан бастап үйрене бастаған. Еңбегі ақталып, Флекс бағдарламасының грантын әп-сәтте жеңіп алды. 6 айда сөздік қоры мен грамматикасын біршама жақсартып алған. Мұндағы математика сабағы өте жеңіл дейді, мысалы Қазақстанда төменгі сыныптарда оқытылатын қарапайым теңдеулер мен дәрежелерді осында тек 9, 10-сыныптарда оқиды екен.
Арман Ауғанбай, оқушы:
- Қазақстанның және АҚШ оқу жүйесі өзгеше, әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда біздің мектептерде көбінесе оқушылардың академиялық білім деңгейіне көңіл бөлінеді деп ойлаймын. Ал АҚШ-та оқушылардың көбінесе әлеуметте өзін ұстауы және жеке тұлға ретінде дамуына көңіл бөлінеді деп ойлаймын.
Бағдарлама бойынша тек оқуға ғана көңіл бөлмей, мәдени ақпарат алмасуға да мүмкіндік бар. Басқа елдерден келген оқушыларды түрлі шараларға қатыстырып, АҚШ-тың мәдени мен тарихи жерлерін көрсетеді. Өз кезегінде Арман мен Полина да мұғалімдері мен достарына Қазақстан туралы айтып, таныстырып келеді.
Фара Кинани, француз тілі пәнінің мұғалімі:
- Мен үшін бағдарламаның маңыздылығы, менің америкалық оқушыларым Қазақстан сияқты ел туралы көбірек біле алады. Мысалы, Арман Қазақстанның мәдениеті туралы өте әдемі презентация жасады. Және соңынан балалардың сұрақтарына дұрыс жауап берді. Олар шынымен ел туралы білуге қызықты. Сондай-ақ қазақстандық шоколад бәрімізге ұнады.
Жалпы Флекс бағдарламасы бойынша биыл АҚШ-та 96 қазақстандық, ал 5 американдық оқушы Қазақстанда оқып жатыр.
Айжан Сыдықова