Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу маңызды
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жастарды кітап оқуға баулу керегін айтты.
Жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу маңызды.
Қазір Атырау облысында 139 кітапхана жұмыс істеп тұр. Кітап қоры шамамен 2,5 млн асады. Өңір тұрғындары мен кітапханашылар тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхананың да ашылғанын құптайды.
Өңірдегі ең бай кітапхананың бірі Ғ. Сланов атындағы әмбебап кітапхана. Қазір мұнда 360 мыңнан аса кітап бар. Былтыр жергілікті бюджеттен 15 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, 3793 кітап сатып алынған. Қазір жастардың кітап оқуға деген ынтасы ашылып келе жатыр, дейді кітапхана директоры. Егер тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашылса, мамандар да жұмыс істеуге әзір.
Сара Ізмұхамбетова, Ғ.Сланов атындағы әмбебап кітапхананың директоры:
- Біз кітапханашылар егерде қолдау болса, кітапханамызда жаңа кітаптар көп келіп, заманауи кітапхана етсе, біздің кітапханашылар ондай жұмысқа дайынбыз. Себебі ол өзіміздің сүйіп жасап жатқан мамандығымыз болғасын, оқырмандардың келіп, кітапхананы пайдалануға біз бірден бір үлесімізді қоса аламыз. Жалпы кітаптың заманауи болғанда оқырмандар келеді деп ойлаймын. Сондықтан кітап қоры жаңа баспадан шығып жатқан кітаппен толығып отырса...
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытында мыңдаған кітапхананың жабылып, миллиондаған кітап қорынан айырылғанымызды айтты. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін жұмыстар жүріп жатыр. Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынады. Президент алқалы жиында осы жақсы тәжірибені облыс әкімдерінің жалғастыруы керегін де тілге тиек етті. Тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана туралы өңір жастарының да пікірін тыңдап көрдік.
БЛИЦ:
- Жастардың жиналатын жақсы бір алаңы болар еді деп ойлаймын. Ол жерде дискуссия болады, жаңа идеялар дүниеге келеді. Жақсы орта қалыптасады. Қолдаймын. Кітап оқу мәселесіне келетін болсақ, жастарды кітап оқуға тарту мәселесін бір жүйеге келтіру керек деген ойдамын.
- Көп адам жұмыс уақытында бара алмайды. Сабақ уақытында, мысалы. Сол үшін кешкі уақытта бізге баратындай ыңғайлы болар еді.
- Қазіргі таңда жастардың кітап оқуға деген ынтасы бара-бара өсіп келеді. Себебі шетелдік әдебиет қазақ тіліне жақсы аударылуда.
Ұстаздар қауымы да тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы ұсынысты қолдайды. Өйткені жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру ел мәдениетінің дамуына жол ашады.
Саламат Ідірісов, педагогика ғылымдарының кандидаты:
- Атырау облысында да осындай үлкен, әрі жастарға арналған кітапхана керек. Әбіш Кекілбаевтың бір жақсы сөзі бар: «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана.» Жаңа заманауи кітапханалардың салынуы өте қажетті және қазіргі күннің сұранысы деп есептеймін.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Мемлекет басшысы үшінші Ұлттық құрылтайда жастарды кітап оқуға баулу озық ойлы ұлт болуға деген маңызды ұмтылыс екенін айтты. Ендеше ұялы телефонға телмірмей, телегей білім теңізіне бағыт алар уақыт келді.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин