Қызылордалық оқушылар сабақта асық ойнайды
Қызылордалық мұғалім физика пәнін асық ойыны арқылы түсіндіріп жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Табиғаттың заңдылықтарын зерттейтін күрделі ғылымды ұлттық ойынмен астастырды. Бұл әдіс жеңіл әрі оқушыларға қызық, – дейді.
Физика пәнінің мұғалімі Бақыт Өткелбаева күнделікті сабақта «ханталапай» ойынын пайдаланады. Екі топқа бөлінген оқушылар асықты көбірек ұтуға тырысады. Асық жинау үшін сабақта белсенді болып, тапсырмаларды мүлтіксіз орындау керек. Ал ең күрделі сұраққа нақты әрі тұшымды жауап берген топ «хан» асықты қанжығасына байлайды.
Бақыт Өткелбаева, физика пәнінің мұғалімі:
- Осы асық ойыны арқылы ептілікке, шапшаңдыққа, мергендікке тәрбиеленеді осы сабақ барысында. «Ханталапай» ойынында 21 асық қолданылады. Оның 20-сы бөлек, жиырма біріншісі кіші асық болып ойналады. Көбірек жинау үшін физика пәні бойынша тақырыпқа байланысты сұрақтарға жауап беру керек, есептер шығарылу керек және жарықтың таралуын тәжіребие жүзінде түсіндіріп өтті.
45 минут бір орында тапжылмай отырып, мұғалімді тыңдау кейбір оқушыны жалықтырып жіберуі мүмкін. Сондықтан балалардың ойымен қатар бойын да сергітуге асықтың пайдасы көп, – деп есептейді ұстаз.
«Ханталапай» ойынындағыдай оқушылар ортаға тасталған сұрақтарға жылдам жауап беруі керек. Бұл әдіс жастардың ой-өрісін жақсартатыны анық.
Ділназ Шамұратқызы, оқушы:
- Бұл жолы біз жаңадан көптеген аспаппен таныстық, басқа да мәліметтермен таныстық, өте қызықты және, менің ойымша, жаңдан бір ашылу болды.
Гүлім Аманқызы, оқушы:
- ҰБТ тапсырған кезде, басқа сабақтардан тест тапсырған кезде бізге бұл мәліметтер керек болады деп ойлаймын.
«Жарықтың түзу сызықпен таралуы» тақырыбын оқушылар көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігімен байланыстыра отырып талқылады. Қазір виртуалды ойындар белең алған шақта жастардың денсаулығы үшін пайдасы зор ұлттық ойындарды насихаттау аса маңызды, – дейді ұстаздар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.