«Жайлы мектеп». Құрылыс басталды
Ұлытау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 мектептің құрылысы басталды.
Заманауи талапқа сай білім ордасы Жезқазған қаласына қарасты Қабанбай шағын ауданында салынып жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Ұлттық жоба аясында келер жылы облыстың өзге қала-аудандарында тағы 5 мектеп бой көтермек.
Ертеректе жерасты кенін барлауға келген геологтарға арнап салынған елді мекен бүгінде Қабанбай батыр ықшам ауданы деп аталады. 200-ден астам отбасы тұратын ауылда бұрын-соңды мектеп болмаған. Қазір мұндағы 300-ге жуық оқушы автобуспен Жезқазғанға қатынап оқиды.
Сейтжан Ақсақалов, Қабанбай ықшам ауданының тұрғыны:
- 13-мектепке автобус апарады, автобус алып қайтады. Қиын боп тұрған. Енді мынау жаңадан бізге мектеп салып жатыр. Осы бастап кетті қазір. Балаларға жақсы болатын болды енді. Ол қашан бітеді, ол жағын білмеймін, бірақ.
Көпшілік күткен мектептің құрылысы жақында басталды. Ауылдағы мектеп жасындағы балалардың санына байланысты 300 оқушыға есептелген. Аты айтып тұрғандай оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай қарастырылатын болады. Мектеп жанынан 25 бүлдіршінге арналған шағын орталық ашылады.
Бекзат Қалмағамбет, жобаны үйлестіруші, мекеме өкілі:
- Қазіргі кезде жұмыс темпі орташа. Нысан басында 20 шақты адам мен 5-6 техника бар. Жоспар бойынша биыл біту керек. Бірінші этаппен 2024 жылы. Сол кестеге сай жүріп жатыр.
Ұлттық жоба бойынша келер жылы облыста тағы 5 мектеп салынады. Қазір жер телімдерін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
«Жайлы мектептің» бірі Жезқазғанның батыс бөлігінде бой көтермек. Жыл сайын өсіп келе жатқан ауданға білім ордасы ауадай қажет. Себебі, бас жоспар бойынша болашақта тұрғын үй құрылысы осы аумақта жүреді. Қазірдің өзінде жаңадан шағын аудан бой көтерді.
6 мектеп пайдалануға берілсе, 3600 оқушы жаңа мектепке барады. Яғни, орын жетіспеу мәселесі толығымен шешіледі. Бұдан бөлек, биыл жергілікті бюджет есебінен Қаражал қаласы мен Манадыр станциясындағы ескі мектептің орнына жаңасы салынады. Дегенмен, шешімін күткен өзге де мәселелер жоқ емес. Соның бірі – кадр тапшылығы.
Сапура Төлекова, білім басқармасының басшысы:
- Оқушылардың орын жетіспеушілігі Жезқазған қаласында, Сәтбаев қаласында, яғни халық көп қоныстанған жерлерде бар. Қазіргі күні облыста жаңадан ашылатын мектептер болсын, қазіргі мектептер болсын педагогтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 2022 жылда да, 2023 жылда да бізде 300 дің жобасында педагогтердің қажеттілігі болған.
Мұғалімдер тапшылығын жою мақсатында білім басқармасы өзге облыстардағы университеттермен байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде былтыр өңірге 155 жас маман келді.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Нұрдәулет Аманкешов, «24.KZ», Ұлытау облысы