Су мәселесі. Мамандық бар, маман жоқ

Елдегі су тасқыны бұл саладағы біраз мәселені көтерді. Жүйелі жұмыстың, арнайы зерттеулердің қажеттігін көрсетті.

Ал осының бәрін кім атқаруға тиіс. Маман бар ма?

Көктем шыға алқымнан алған су тасқыны жылда бас қатыратын мәселеміз. Тасқын судың бетін қайтарып, салдарын жойғанымызбен, себебін анықтап, алдын-алу маңызды. Алайда мұның бәрін іске асыратын арнайы сала мамандары қанша? Елдегі су мәселесін шешетін гидролог, гидрогеолог сынды мамандарды қалай даярлап жатырмыз?

Құралай Яхияева, Су шаруашылығы проблемалары ғылыми-ақпараттық орталығының қазақстандағы филиалының сарапшысы:

- Су мамандарының дайындығы деген тақырыпта зерттеу жүргізгенмін. Сонда осы гидромелерация мамандығы «ең қажетсіз мамандық» деп атап көрсеткен екен.

Сарапшылардың айтуынша, бұл мамандыққа сұраныстың азайуы оқыту кезінде практикалық тәжірибенің жоқтығы мен жергілікті жерде жұмыс бола бермейтіні.

Құралай Яхияева, Су шаруашылығы проблемалары ғылыми-ақпараттық орталығының қазақстандағы филиалының сарапшысы:

- Неге қажетсіз болады? Себебі шаруашылықтарда жұмыс орны жоқтың қасы. Төменгі, жаңағы балалар барып жұмыс жасауға болатын аудандық, облыстық көлемде штаб өте аз. Ол жерге барған күнде де университет бітіріп барған маманға төленетін жалақы өте төмен. Ауылдық жерге барғанның өзінде ол ауылшаруашылық мамандығы ретінде мойындалмаған. Қазіргі дайындық тек су философиясы деген сияқты бағытта. Инженерлік бағытта дайындау жоқтың қасы десек болады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша елдегі 9 жоғарғы оқу орны су саласы бойынша мамандар даярлайды. Осы сала бойынша 2023 жылы 241 түлек диплом алып шықса, биыл 276 студент кәсіби маман атанады.

Ерғали Әуелхан, Сәтбаев университеті, техника ғылымдарының кандидаты:

- Жалпы біз 2 мамандық бойынша даярлаймыз. Гидрогеология жер асты суын зерттейтін мамандар және су ресурстары. Су ресурстарында бүгінгі күнде студенттер өте аз. Қазіргі кезде 10 шақты ғана студент білім алып жатыр. Енді бүгінгі қалыптасқан жағдай, әрине, бұл – табиғи апат. Бұл жерде тек бір гидротехник немесе бір су ресурстары маманы бұл мәселені шешу қолынан келмейді. Сол себептен де жан-жақты барлық мамандардың қалыптасуы қажет.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Соның ішінде су саласын кадрмен қамтамасыз ету мәселесі бар. Мәселен білім беру бағдарламаларын жаңарту, мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғайту. Сонымен қатар елде базалық жоғары оқу орындарының бірін тек су тақырыбына маманданған университет етіп қалпына келтіру мәселесі қаралып жатыр.

Рыскүл Құдреттулаева, Жоғары және жоғары білім беру мазмұны басқармасының басшысы:

- Бұл ретте су саласы үшін арнайы жоғары оқу орнын ашу мәселесіне қатысты министрлік өз тарапынан «Қазақгидромелеративті» құрылыс институтын құру бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытта жұмыс жалғасатын болады.

Кәсіби құзыреті бар мамандардың жетіспеуі – саланың дамуын шектейді. Жыл сайын диплом алып шығатын 200-ден астам кәсіби маман өз саласына қызмет етсе, бүгінде бұл мәселе туындамаспа еді.

Зарина Кәп, Мадияр Кындыбаев, 24.KZ