Эвакуацияланған оқушылар онлайн оқып жатыр
Жылыой ауданынан Маңғыстауға эвакуацияланған тұрғындардың арасында 2 мыңнан астам оқушы мен 54 студент бар, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір олар сабағын жалғастырып жатыр. Оқушылар 52 мектепке бекітілді. Оның ішінде 2073 бала онлайн, қалғаны дәстүрлі форматта білім алып жатыр. Қашықтан оқыту әзірше 12 сәуірге дейін жалғасады.
Әбдікәрім Сағынбай анасымен бірге Ақшұқыр ауылындағы мектептің спортзалында уақытша тұрып жатыр. 9 жасар оқушы дүйсенбіден бері сабағын осында оқып жүр. Атырау өңірінен өзімен жасты тағы бірнеше бала келген.
Мектеп-гимназияға 13 жасар Мұхаммедтің жанұясы да қоныстанды. Екі қарындасы мен інісі де осы жерде оқиды. Сабаққа алғыр оқушы алғашқы күннен-ақ ұстаздардың ризашылығына бөленді.
Мұхаммед Дүйсенұлы, оқушы:
- Біз осында жақсы қоныстандық және жақсы оқып жатырмыз. Мен өзіме жаңа достар тапқаныма қуаныштымын. Барлығыңызға рақмет.
Асылбек Айтуарұлы, физика пәнінің мұғалімі:
- Кешегі екі күнде сабақ үлгерімі жақсы екенін және жаңадан танысқан оқушылармен етене жақын араласып кеткеніне көзіміз жетті. Қазіргі таңда баланың психологиялық жағдайы өте жақсы.
Ауыл мектебіне басында Атырау облысының 98 тұрғыны орналасқан. Қазір мұнда 41 адам бар. 18-і – мектеп оқушысы. Екеуі – ерекше білім алуға қажеттілігі бар бала. Тағы 5 бүлдіршін балабақшаға барып жүр.
Айжан Рахиева, Ақшұқыр мектеп-гимназиясының директоры:
- Ол балалар үшін тасымал ұйымдастырып отырмыз және 18 оқушы өздерінің сыныптарымен, әр сыныпта офлайн форматта білім алып жатыр. Ұлттық бірыңғай тестке дайындалып отырған оқушылар бар. Үйірмелермен жұмыс жасап, соның ішінде спорттық ойындар мен психологиялық тренингтермен айналысып жатыр.
Клара Құлатаева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
- 517-дей бала мектепте жатыр қазіргі таңда. Бейнеу ауданында 15 мектепте, Ақтау қаласында 4 мектепте орналасқан. Бұл мектептер сондықтан онлайн оқыту режиміне жіберілді уақытша. Келесі 200-ден аса оқушы жатақханаларда және қонақүйде жатыр. 50 оқушы мешітке орналасты. Қалғандары туысқандарының үйіне орналасты.
Маңғыстауға эвакуацияланған оқушылардың кейбірі Мұнайлы, Маңғыстау, Түпқараған ауданы мен Жаңаөзен мектептерінде дәстүрлі форматта оқып жатыр.
Айта кетсек, облыстың білім басқармасы әлеуметтік желіде «Атырау облысына көмек» атты парақша ашты. Оған Құлсары оқушыларын оқытуға жауапты қызметкерлер туралы ақпарат енгізілген.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.