12 сәуір – Ғылым күні
Отандық ғалымдар үйді от пен судан, ұрлық-қарлықтан қорғайтын шағын құрылғы жасап шығарды, деп хабарлайды 24KZ.
Мамандардың өнертабысын Ғылым қоры қаржыландырып, қазір едәуір пайда тауып отыр.
Жалпы елімізде соңғы 3 жылда ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге ұлғайған. Президент алдағы жылдары салаға бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1%-іне дейін жеткізуді міндеттеп отыр. Сол кезде ғылым дамиды және экономикаға үлес қосады.
Шағын ғана құрылғы бүкіл үйдің қауіпсіздігіне жауап береді. Қазір көпшілігі айтып жүрген ақылды үйдің бақылаушысы десе де болады. Себебі ықшамды қондырғы үйді от пен судан, ұрлық-қарлықтан қорғайды. Яғни, көрінбейтін күзетші. Тіпті қуат көзін үнемдеп жұмсауға септігін тигізеді. Отандық ғалымдардың бұл өнертабысына шетелдіктер де көз тігіп отыр. Бақылау аппаратына қазір елдегі құрылыс компанияларынан сұраныс көп, – дейді жоба жетекшісі. Бұл ғана емес, оны кез келген пәтерлер мен оқу орындарына орнатуға болады екен. Жас ғалымдардың бұл жобасы мемлекеттен қолдау тапты. Былтыр Ғылым қоры жариялаған байқауда үздік деп танылып, арнайы қаржыландырылған.
Саят Ақтай, жоба жетекшісі:
- Жалпы бұл контроллер бізде қағаз жүзінде ғана бар еді және де бұны нарыққа шығару ғылыми зерттеуден кейін де уақыт және қаражатты қажет етеді. Бірақ осы ғылыми қор арқылы біз грант ұтып, сол арқылы тез арада осы өнімімізді нарыққа шығаруға мүмкіндік алдық. Қазіргі таңда біз бірнеше тұрғын үй кешендеріне орнаттық, тестілеуден өтіп жатыр, клиенттеріміз де қолданып жатыр және алда Өзбекстан мемлекетіне және Сауд мемлекетінің нарықтарына шығуды көздеп жатырмыз.
Еліміздегі ғылым саласы кезең-кезеңімен трансформацияланбақ. Сондай-ақ Ғылымды қаржыландыру арқылы саланы коммерциялық бағытта дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Яғни, ғалымдардың өнертабыстары бір орында тұралап қалмас үшін оны бизнеске айналдыру қажет. Қазір барлық жоба Ғылым қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 130-дан астам жоба тікелей сатылымға шыққан.
Әнуар Керімбаев, «Ғылым қоры» АҚ Технологияларды коммерцияландыру департаментінің менеджері:
- Ғылым қоры бүгінге дейін 280 жобаны қаржыландырды. Бүгінде 130-дан астам жоба тікелей сатылымға шықты. Сату көлемі 33 млрд теңгеден асып отыр. Ал қаржыландыруға тартылған сома шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Айта кету керек, яғни алыс-жақын шетелге сатылымға шыққан жобалардан 500 млн теңге таза пайда түскен. Бұл дегеніміз – біздің ғалымдар мен бизнестің үйлесімді жұмысының нәтижесі.
Қазақстанда 370-ке жуық ғылыми ұйым бар, оларда 23 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Оның 35%-тен астамы – жас ғалым. Алдағы уақытта ғылымдағы жастардың үлесін көбейту жоспарланып отыр. Сондықтан бүгінде жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында бірқатар ілкімді жоба қолға алынды. Яғни, оларға бөлінетін грант саны көбейді. Жыл сайын 1 мың грант беріліп отыр. Биыл баспана мәселесі де шешімін тауып, 246 жас ғалым үйлі болды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Үлкен өндірістік компанияларда арнайы ғылыми зерттеу бағдарламалары пысықталып жатыр. Әкімдерге өңірлік ғылыми зерттеу жұмыстарын пысықтап, қаржыландыруға мүмкіндік беріліп жатыр. Коммерцияландыру – өте үлкен бағыт. Ғылым қорымыздың аясында жаңа мәртебе, жаңа форматқа көшеді. Венчурлық қор ретінде жұмыс істеп шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу құқығы берілмек.
Сала басшысы ғалымдардың жалақысының да екі есеге артқанын айтты. Демек ғалымдарымыз әлеуметтік мәселеге бас қатырмай, тек ғылыммен айналысуға бел шеше кіріседі деген сөз.
Тағы айта кетерлігі, Ұлттық ғылым академиясына арнайы «жоғары ғылым ұйымы деген мәртебе» беру көзделіп отыр. Былтыр Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Бүгінде саланың қарыштап дамытатын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы әзірленді. Құжат қазір Парламенттің қарауында жатыр.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Абдулхамит Бөлекбаев, Ерлан Наурызбаев.