Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтпақ
Қазақстан мен Өзбекстан ғарыш саласындағы серіктестікті нығайтуға ниетті, деп хабарлайды 24KZ.
Көршіміз біздің тәжірибе негізінде маман даярлап, спутниктік мониторингті меңгерген. Бірер жыл бұрын қос мемлекет сала мамандарын оқыту бағдарламасын жүзеге асырса, ендігі кезекте жаңа жер серігін құрастыру жобаларын талқылап, ақпарат алмасу ісін жоғары деңгейге көтеріп жатыр.
Қазақстан мен Өзбекстан барлық саладағы байланысты нығайтып келеді. Оның ішінде ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру де басым бағыт саналады. Қос мемлекет өзара ынтымақтастық аясында мониторингпен айналысатын мамандар даярлап, тәжірибе алмасып отырады.
Исмаил Расулов, Өзбекстан ғарыштық технология және зерттеу агенттігінің бөлім басшысы:
- «Өзбекғарыш» агенттігі құрылған сәттен «Қазғарыш» оған маңызды серіктес болды. Бастапқыда, яғни 2021 жылдың соңында ғарышты бейбіт мақсатта игеру жөніндегі екі елдің үкіметаралық келісімі бекітілді. Соның аясында қызметкерлерімізді оқытуға бағытталған нәтижелі жұмыс атқарылды. Әрі ғарыштық мониторинг тәжірибесі үлгі ретінде алынды. Бірқатар пилоттық жоба іске асты.
Өзбекстанның мемлекеттік мекемелеріне ғарыштық мониторинг 2 жыл бұрын енгізілген. Содан бері төтенше жағдай, жер кадастры, ауыл шаруашылығы және табиғат қорғау сынды салалар жоғары дәлдіктегі түсіріліммен қамтылып келеді. Біздегі тәжірибеден басты айырмашылығы, үкіметтік органдарға мониторингті үзбей жүргізу міндеттелген.
Мұхиддин Ибрагимов, Өзбекстан ғарыштық технология және зерттеу агенттігінің бөлім басшысы:
- Бұл істі 2022 жылы Президентіміздің пәрменімен бастап кеттік. Жалпы экономиканың 6 саласын қамтимыз. Ауыл шаруашылығы, су ресурстары, орман, геология, экология және жер қатынастары ісіне мониторинг жасалады. Ғарыштық аппараттардың бірнеше тобының қызметіне жүгінеміз.
Әзірге көршіміздің жерді қашықтан зондтауға арналған өз аппараты жоқ. Оны ұшырмас бұрын әлем елдерінің, соның ішінде әуелі Қазақстанның тәжірибесі зерделенген.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Аспан әлемінде арнайы ғарыштық аппараттары бар. Қазақстан көрші елдермен осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып келеді. Мамандардың айтуынша, оның экономикаға тигізер пайдасы орасан. Алдағы уақытта жердегі жағдайды ғарыштан бақылау технологиясы тағы жетілдірілуі мүмкін. Әрі оған сұраныс артады. Айта кетейік, Орталық Азияда жерсерікті алғаш болып Қазақстан иемденген. Содан кейін бұл тізімге Түрікменстан қосылған.
Авторы: Рауан Мыңбаев.