Елордада халықаралық кітап көрмесіне келушілер көп
Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу.
Ұлттық Құрылтайда Президент осылай деген болатын. Кітап – халық қазынасы. Қазынаға қазір құмартушылар көп. Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіндегі адам қарасының көп болуы соның айқын дәлелі. Сәуірдің 17-сінде басталған бұл шара 21-іне дейін жалғасын табады.
Төрт кітаптың тұсауы кесілді. Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлінің екі кітабы бар. Алқалаған ағайынға берері мол кітаптың салмағы ауыр. Бұлай дейтініміз «Абыздар аманатын» жеткізген шығармада қазақтың «Тамыры» тереңге жайылғанын көрсетеді. Кітаптың атауы да осылай...
Рақымғали Құл-Мұхамед, баспагер:
- «Атамұра» баспасы бұған төрт кітап әкеліп отыр. Дәлірек айтар болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері, сенатор, академик Дархан Қыдырәлінің екі кітабы. Олар «Абыздар аманаты» және «Тамыр» деп аталады. Бұлар ешқашан бұрын жарияланбаған. Жазушының көп жылдан бері зерттеген еңбегінің нәтижесі.
Жазушылар арасында сыншылдығымен танылған әдебиеттанушы Аманкелді Кеңшілікұлының «Жүрек сөзі», жазушы-ғалым Серік Негимовтың «Шешендік өнер» кітабы да жәрмеңкеде оқырманға жол тартты. Аманкелді Кеңшілікұлының «Жүрек сөзі» кітабы «Мәңгілік сәулесі», «Парасат биігі», «Көңіл күнделіктерімен» толықтырылған үш бөлімнен тұрады. Ал ғалым Серік Негимовтің «Шешендік өнері» сөз өнерінің қасиетін толғайды.
Аманкелді Кеңшілікұлы, әдебиеттанушы:
- Өз басым ойлаймын. Бұл кітапта жақсы дүниелер бар деп. Оқырманды қызықтыратын дүниелер бар деп. Өйткені сондағы шыққан эсселерім, Мұқағали туралы, Төлен туралы мақалаларым кезінде жақсы оқырманнан бағасын алған болатын.
Серік Негимов, жазушы-ғалым:
- Қазағымыздың саналылығын, парасаттылығын, руханилылығын арттыратын осы сөз өнеріндегі асыл қасиеттер, ғибраттар осы «Шешендік өнерінің» ұстанған басты қағидаттары, басты ұстанымы.
Балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға баулу, оқырман талғамын қалыптастыру - жобаның басты мақсаты. Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі астаналықтар үшін оңтайлы болып тұр.
Мереке Құлкенов, Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
- Қазақстандағы ең ірі кітап көрмесі деп айтамын. Оның Астанада өтіп жатырғаны біздің халқымыз үшін жас ұрпақ үшін үлкен мерейлі оқиға. Төрт кітаптың тұсауын кестік. Олардың авторлары бәрімізге белгілі, қасымызда жүрген ғұламалар десек болатын адамдар. Дархан Қыдырәлі, Аманкелді Кеңшілікұлы, Серік Негимовтар әрқайсысы өзінің саласында еңбек сіңіріп жүрген жазушылар.
Бұл жәрмеңке бұрынғыдан бөлек болды. Жазушысымен жүздескен оқырман қуанышты.
Асантемір Қаршығаұлы, Мадияр Қындыбаев