Кітапсүйер қауымның қатары артып келеді
Кітапсүйер қауым үшін қазір таңдау көп.
Иә, қазір түрлі жанрдағы туындылар саны артып келе жатыр. Заманауи еңбектердің арасында, сәтті аудармалар да жетерлік. Кітапқа сұраныс жоғары, нарық та ұсыныстан кенде емес. Ал авторлардың құқығы қалай қорғалады? Оқырманның жүрегіне жол табу оңай ма?
Танымал кітап желілерінің мәліметіне сүйенсек, елде бірнеше жыл қатарынан Абайдың қара сөздеріне сұраныс артып жатыр. Ғұламаның есімін арқалап жүрген Семейдегі көне кітапханада да түрлі жанрдағы кітаптар самсап тұр. Бастысы, оқырман қарасы сиреген емес.
Мерей Қарт, Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры, ақын:
- Өмірі өлмейтін кітаптар болады. Мәңгілік кітаптар. Мысалы, көбінесе кітапханаға келушілер, жастар жағы бүгінгі таңда психологиялық кітаптарды көп сұрайды. Көркем әдебиетті көп сұрайды. Көркем әдебиет түрлі адамның жан дүниесін қозғайтын, түрлі тағдырлармен қауыштыратын, адамның рухына ерекше әсер ететін кітаптар оқырманның қолынан әлі түскен жоқ.
Статистика кітапқұмар жандардың көбейгенін айғақтайды. Сұраныс болғасын нарықта жаңа жазармандар да пайда болды. Көбі сәтті маркетингтің арқасында оқырманмен тікелей жұмыс істейді.
Алмас Серікұлы, заңгер:
- Авторлық құқық туынды жасалған уақыттан туындайды. Қосымша тіркеуді талап етпейді. Бірақ құқық бұзылған жағдайда құқықтарды тіркеу туралы куәлік автордың пайдасына қосымша дәлел болады. Сол үшін авторлық құқықты рәсімдеуге кеңес берем. Қазақстанда Қазпатент деген ұйым бар. Бір жұмыс күнінің ішінде рәсімдей аласыз.
Иә, авторлық құқық өмір бойы және автор қайтыс болғаннан кейінгі 70 жыл көлемінде қорғалады. Сарапшы Алмас Серікұлы елде авторлардың құқығын қорғайтын заңдық фирмалар және арнайы институттар жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ авторлардың қай жерде тіркелгеніне қарамастан, Берн конвенциясы аясында әдеби және көркем туындылары барлық елде қорғалатынын жеткізді. Оған қосылған 100-ден аса мемлекет арасында біз де бармыз.
Алмас Серікұлы, заңгер:
- Авторлық құқықтарыңызды біреу бұзып қойса, онда біріншіден сол кісіге барып, шағым бере аласыз. Ол көмектеспесе, сотқа жүгіне аласыз. Дәлелдеу мәселесі қиын мәселе болып саналады. Түпнұсқа сізде болса немесе электрондық форматта сақталып қалса, куәгер болса, сіз авторлық құқықтарды дәлелдей аласыз. Бұл сотта ұзақ уақыт алады деп айта алмаймын.
Кітап шығару әжептәуір шығынды талап етеді.
Мерей Қарт, Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры, ақын:
- Бүгінгі таңда республикада мемлекеттік тапсырыспен де үлкен кітаптар шығып жатыр. Мысалы біз алысқа бармай, өз облысымызды алсақ, 16 кітап әкімшіліктің қолдауымен және біздің Абай кітапханасының ұйытқысымен оқырманға жол тартты. 9 мың тиражбен. Бұл өңіріміздегі ақын-жазушыларға үлкен қолдау. Мәдениет министрлігі грант ретінде саған белгілі бір қаражат береді. Ары қарай үлкен сүзгіден өткен кітаптар оқырманға қауышып жатады.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтай отырысында жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз деді. Кітапхана ісін жетілдіруге де көңіл бөлінетінін жеткізді. Иә, қазір көпшілік арасында екінің бірі кітап шығарады деген сын айтылады. Сол көп кітаптың ішінен нағыз қазынасын екшеп алу – оқырман алдындағы міндет.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Кітапхананы қойып, қазір әрқайсымыздың үйімізде сөре-сөре кітап қоры жинақталып қалғаны рас. Бірін өзіміз қызығып сатып алдық. Кейбірі сыйлыққа келді. Бірін көз майын тауысып, оқыдық. Енді бірінің беті де ашылмады. Себебі авторлардың өзі ескерткендей тым “жалпақ” тілмен жазылған. Ал бірінде ауырлау философияға ерік берілген. Ал біз кітапты не үшін оқимыз? Жан дүниемізді байыту үшін, рухымызды тойдыру үшін, тілімізді көркемдеп, өремізді кеңейту үшін. Пайдалы білімімізді арттыра түсу үшін. Рухани бай болу үшін оқитын кітабымыз да соған сай болу керек.
Мерей Мұратханқызы