Лондонда ұлтымыздың тарихына қатысты конференция өтті
"Еуропаға 1920 жылы келген бірінші қазақ Мұстафа Шоқайдан бастап, қазіргі қазақ қоғамына дейін".
Лондонда осындай тақырыпта ұлт тарихын ұлықтаған ғылыми конференция өтті.
Жиында “Түрік әлеміне қатысты Кеңес үкіметінің саясаты” атты кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді.
Әбдіуақап Қараның ата-бабалары - қым-қуыт заманда Алтай өңірінен Түркияға қоныс аударған қазақтар. Бала күнінде ол туған жерінің тарихына терең үңілгісі келіп, ғылымға ден қояды. Қазір Ыстанбұлдағы Көркемөнер университетінде профессор. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың мұраларын зерттеп, “Кеңес одағының түркі әлемі саясаты” атты кітап жазды. Бүгін қазақ, түрік және орыс тілдерінде басып шығарылған еңбегінің ағылшын тіліндегі аудармасы таныстырылды.
Әбдіуақап Қара, шоқайтанушы ғалым:
- Мұстафа Шоқай тек Алаш қайраткері ғана емес, ол сонымен қатар әлемдік тұлға. Біз әлемдік тұлғаны әлемге танытуымыз керек. Тек қана түрік халықтары білмеуі керек, сонымен қатар бүкіл әлемге танытуымыз керек. Соның басты құралы ағылшын тілі деп шештік.
Деректерге сүйенсек, Ұлыбританияда Түркиядан қоныс аударған 150-дей қазақ тұрады екен. Алдыңғы буын ағалары жарты ғасыр бұрын еңбек мигранттары ретінде осында көшіп келген. Өзге елде қазақша мектеп пен ақпараттың болмағанына қарамастан тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалған. Сол үшін өздерін бақытты санайды. Бірақ кейінгі ұрпақ үшін алаңдайды.
Әбдісәлім Саваш, қазақ-түрік қауымдастығының төрағасы:
- Мектепте бұлар ағылшын тарихын жақсылап үйретіп жатыр. Оларға қазақтың тарихын үйреткіміз келеді. Асыл мақсатымыз сол ғой енді. Қазақтың балалары болған соң қазақтың тарихын үйренсін. Соған тырмысып жатырмыз.
Түркия қазақтарының балалары, өкінішке қарай, ана тіліне шорқақ. Түсінеді, бірақ сөйлей алмайды. Өйткені барлығы да ағылшын мектептерінде және жоғарғы оқу орындарында білім алған, ақпарат құралдарын түрік тілінде көреді. Өзара түрікше және ағылшынша түсініседі.Синам Чалышкан, қазақ-түрік қауымдастығының өкілі:
- Мен қазақша сөйлей алмаймын. Елшіліктің ұйымдастырған бірнеше сабағына қатысқаным бар. Бірақ жалғастыра алмадым. Өйткені Түркияда туып-өскен әкемнің өзі қазақша білмейді. Ал анам түрік ұлтынан. Дейтұрғанымен ана тілімді білуге тиіспін деп ойлаймын. Балаларымның да қазақша сөйлегенін қалар едім.
Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясының тәуелсіздігі жолындағы күресінде мақала жазып, кітап шығарумен қатар, Алаш идеяларын Еуропаның ірі қалаларында да насихаттаған. Парижден Лондонға келіп, ағылшын лордтарының жеке қабылдауында болды. Қазақ-түрік қауымдастығы жас буын өкілдерін ұлт тарихы мен ұлы тұлғаларымыз туралы құнды деректермен таныстыруды жалғастыра бермек.
Ғалымжан Қараманұлы