«Жайлы мектеп»: оңтүстіктегі алғашқы білім ұясы биыл тапсырылады
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында алғашқы «Жайлы мектеп» желтоқсан айында тапсырылады.
Өңірде бала санының артуына байланысты білім ордасы тапшы.
Мамандар үш мектеп үш ауысымға өтуі мүмкін екенін айтады. Қазір ауданда бес «Жайлы мектеп» құрылысы жүріп жатыр. Білімге жауаптылар жаңа құрылыс орын тапшылығын шешеді деп сенеді.
№5 Мақтаарал мектеп-гимназиясы аудандағы ең ескі білім ошағы. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ұясы 1000 орынға есептелген. 2010 жылы 160 орындық қосымша ғимарат салыныпты. Қазір мұнда 1560 оқушы білім алуда.
Дильназ Самат, 6-сынып оқушысы:
- Біздің мектеп аудандағы бала саны көп мектеп. Жақында бізге «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Биылдан бастап біз жаңа мектепте оқитын боламыз.
Дінмұхаммед Дошманов, №5 мектеп-гимназиясының директоры:
- Осы «Жайлы мектепке» мектебімізден 700-800-ге жуық оқушы ауысады деп отырмыз. Бұйырса біз сол кезде үш ауысымдық қаупі бар мектептің қатарынан шығып, өз деңгейіндегі білім мен тәрбиені бере алады деп ойлаймыз.
Атакентте бой көтеріп жатқан «Жайлы мектептің» құрылысы өткен жылы басталған. Қазір 2-қабаты көтерілуде. 1500 бала білім алатын ғимарат 3 қабатты және төрт бөліктен тұрады. Ішінде асхана, медициналық кабинет қарастырылған. Одан бөлек, төрт спорт залы және ұлттық ойындарға арналған алаңшалары болады.
Данияр Болатұлы, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- 1 мен 4-сыныпқа дейін оқитындардың корпусы бөлек, үлкендердікі бөлек болады. Кіріп шығатын есіктері де жеке қарастырылған. Әр сыныптың ішінде интелектуралды тақта, кабинеттің бәрі заманауи технологиялармен қамтылады. Балаға керекті дүниенің бәрі осы мектепте болады. 2024 жылы желтоқсан айында тапсырылады.
Мақтаарал ауданында 56 мектеп бар. Онда 28 мыңнан аса бала білім алады. 20 мыңнан аса халқы бар Атакент кентінде бала санының артуына байланысты үш мектеп үш ауысымға өтіп кетуіі мүмкін. Орын тапшылығы мәселесін жою мақсатында мұнда екі «Жайлы мектеп» салынып жатыр. Оның бірі – 1500, екіншісі 900 орынға лайықталған. Бұдан бөлек жоба аясында ауданда тағы үш мектептің құрылысы басталған.
Асанхан Қошқаров аудандық білім бөлімі басшысының м.а.:
- Бізде бес «Жайлық мектеп» құрылысы жоспарланған. Онда 4200 жаңа орындар ашылатын болады. Оқушыларды оқыту үшін мектеп директоры мен мұғалмдерді де біз арнайы курстан өткізетін боламыз. Одан кейін олар осы мектепте оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізетін болады.
Жалпы Түркістан облысында "Жайлы мектеп” Ұлттық пилоттық жобасы аясында 63 мектеп салынады. Олардың барлығы Түркістанда жасалған отандық сапалы жиһаздармен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш