Робототехникадан халықаралық чемпионат басталды
Елордада робототехникадан халықаралық чемпионат басталды.
Үш жыл қатарынан өтіп жатқан біріншілік бастапқыда қалалық, кейін республикалық дәрежеде өтсе, биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өтіп жатыр. Бүгінгі сайыста Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан мен еліміздің барлық аймағынан іріктеліп келген 235 бала бақ сынайды.
9 бен 17 жас аралығындағы өрендер Robotek, Мерген, Кері сызық жарысы, Туды жеткізу, Жеткізуші робот және Сұрыптаушы робот санаттары бойынша сынға түседі.
Айта кетейік 2023 жылдың қарашасында Панамада өткен әлемдік байқауда ел құрамасы Малайзия құрамасын артқа тастап, тұғырдың екінші сатысынан көрінген болатын.
Санжар Шалқарбеков, ұйымдастырушы:
- 1400 бала 7 санаттың ішінде жарысып, әрбір 6-шы бала халықаралық жарысқа жолдама алып жатыр. Келесі жылы 3 мемлекет емес одан да көп мемлекетті шақырамыз деген ойымыз бар. Өйткені робототехника саласы бұл адамзатқа маңызды сала. Ары қарай дамыту үшін оқушыларды жастайынан дайындау керек. Сондықтан біз осы іс-шараларды жалғастыра береміз.