Геологиялық барлауды жаңғырту ұсынылды
Геологиялық барлауға бөлініп жатқан қаржы мардымсыз.
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов бүгін Үкіметке осындай сауал жолдады. Оның сөзіне сүйенсек, соңғы 20 жыл ішінде салаға ел қазынасынан 640 млн АҚШ доллары бөлінген. Бір шаршы шақырымға шаққанда бұл шамамен 8 доллар. Ал халықаралық тәжірибені ескерсек, бір шаршы шақырым аумақты барлауға Канада 203 доллар және Аустралия 167 доллар бөледі. Көрші Өзбекстанның өзі 98 доллар жұмсайды. Осыған байланысты сенатор ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру саласындағы міндеттемелер шеңберінде бөлінген қаражаттың 50 пайызын геологиялық барлауға пайдалануды ұсынды.
Шәкәрім Бұқтұғұтов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бүгінде білікті геологтардың көбі зейнеткерлік жасқа таяп қалды. Сәйкесінше тәжірибелі кадрлар тапшы. Саладағы деректер де талапқа сай сақталмай жатыр. Республикалық геологиялық қорда 4,5 млн астам есеп бар. Барлығы дерлік графикалық, магниттік тасығыш, картридж сынды түрлі құралда және нашар жағдайда сақталған. Жер қойнауын игерушілер ақпарат алу үшін 3 ай уақытын жоғалтады.