Қазақ жастары және неміс саясаты
Қазақстан жастары Германия парламентінде тағылымдамадан өтіп жатыр.
5 айға созылатын оқу барысында отандастарымыз Бундестаг жұмысымен танысып, білімдерін жетілдіреді.
Германия парламенті жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған жас маманды тағылымдамадан өтуге шақырады. Биыл Бундестагта тәжірибе жинауға 42 мемлекеттен 96 қатысушы келген. Солардың арасында қазақстандықтар да бар. Степендиаттардың айтуынша, іріктеуден өту оңай емес. Неміс тілі мен саясатын жақсы біліп, екі кезеңнен тұратын сұхбаттан өту қажет.
Әділ Қабжанов, IPS бағдарламасының стипендиаты:
- Мен бұл бағдарламаға қатысуға екі рет өтініш бердім. Алғашқысында іріктеуден өте алмадым. Себебі Германия саясаты мен елдегі демократиялық жүйе жайлы білімім аз болды. Соған қарамастан қайтадан бағымды сынап көруге бел будым. Жалпы, өмірімнің соңғы 10 жылы Германиямен, неміс тілімен тікелей байланысты. Осы тағылымдамадан өту арқылы өз елімнің дамуына елеулі үлес қоса алатыныма сенемін.
Қазір стипендиаттар уақытының біршама бөлігін Бундестагта өткізеді. Жергілікті халық қалаулыларымен бірге депутат бюросында жұмыс істейді. Тағылымдамадан өтушілер көбіне сараптамалық құжаттар дайындаумен айналысады. Сонымен қатар, отырыстарға қатысып, Германияда заңның қалай қабылданатынын бақылай алады.
Эльданиз Гусейнов, IPS бағдарламасының стипендиаты:
- Бундестаг қабырғасында жүріп, өмірімдегі ең қызық пікірталасты көрдім. Өзіме біраз нәрсені түртіп алдым. Мәселен, ұсынысыңды қалай дәйектеу керегін, статистикалық мәліметтерді қалай қолдану керегін түсіндім. Қазір Еуропа парламенті сайлауы қарсаңында кәрі құрлық институттарының жұмысын терең зерттеумен айналысып жатырмыз.
Германия парламентіндегі тағылымдама 5 айға созылады. Степендиаттар үшін бұл жаңа байланыс орнатудың, мансап жолында баға жетпес тәжірибе жинап, Берлиндегі үздік университеттердің бірінде білім алудың таптырмас мүмкіндігі.
Алина Арестеева, IPS бағдарламасының стипендиаты:
- Біздің бағдарлама депутат кеңсесінде тағылымдамадан өтуден ғана тұрмайды. Сонымен қатар ЖОО қабырғасында, атап айтқанда, Гумбольдт немесе Берлиннің Еркін университетінде білім алу мүмкіндігіміз бар. Бұдан бөлек, пленарлық отырыстарға қатысып, Германияда заңның қалай қабылданатынын, депутаттардың қалай дауыс беретінін көре аламыз. Менің ойымша, бұл шетелдік степендиаттарға берілген үлкен мүмкіндік.
Жалпы, неміс депутаттарында 2 кеңсе болады. Бірі Берлинде, екіншісі өзі сайланған өңірде орналасқан. Халық қалаулыларының жұмысымен етене танысу үшін степендиаттар тағылымдама барысында саясаткердің туған жеріне де барады.
Шолпан Найманбаева, Павел Рубан, 24.KZ, Германия.