Тағдыры маңдайына, ақшасы алақанына жазылған оқушылар

Астанадағы №2 Ғафу Қайырбеков мектебінің оқушылары мектепке кірерде турникеттен өту үшін карта ұстамайды.

Мектеп асханасынан ас ішу үшін де төлем картасының қажеті жоқ. Бәрі баланың алақанына жазылған. Иә, «Алақан» жобасы цифрлық дамудың бір көрінісі. Мұндай жаңашылдықтар ел бойынша мектептерде енгізіліп жатыр. Мұның тағы қандай пайдасы бар?

Енді балам сабақта ма, әлде сыртқа шығып кетті ме, бүгін тамақ ішті ме жоқ па деп алаңдамайсыз. Себебі мұның бәрі телефоныңызда сайрап тұр. «Алақан» жобасы арқылы балаңыздың қайда жүргенін, қандай тамақ ішкенін, тіпті кітапханадан қандай кітап алғанына дейін хабардар боласыз.

Берік Нұрымбетов, жоба жетекшісі:

- «Алақан-мектеп» деген жоба ата-аналардың көмекшісі деп санаймыз. Оқушы мектепке «алақанмен» кірсе болады, асханада төлемдерді «алақанмен» жасаса болады. Өзімен бріге қолма-қол ақша ұстап жүрмейді. Мектептің қауіпсіздігіне де жақсы. Бөгде адамдар кіре алмайды. Библиотекаға кіріп, жаңағы балалар кітап алатын болса, «алақан» оқырман билет ретінде санала береді.

Ал мұның бәрінен ата-анаға хабар келіп отырады. Бағдарламадағы баланың шотын бір күнге қажетті соммаға толтырып қояды. Содан оқушының не алып, не қойғаны туралы есеп келіп отырады. Бұл әсіресе мектепке үйі алыс отбасыларға көмек. Себебі кешкі уақыттарда баламызға алаңдамаймыз дейді ата-аналар.

Гаухар Шалдыбаева, ата-ана:

- Біз мектептен алысырақ тұрамыз. Менің ұлым өзі келеді сабаққа, өзі қайтады. Маған өте ыңғайлы. Себебі баланың қауіпсіздігі үшін жақсы орнатылған. Бұл жерде мен баланы есепке үйретем. Себебі ол менің рұқсатымсыз ақшаны жаратпайды. Не алса да көріп отырамын. Бала тәртіпке үйренеді. Ақшаны бейберекет жаратпауға, қаржылық сауатқа үйретеді.

Мұнда сізді алақаныңыздағы қан тамырының суреті арқылы таниды. Бір қызығы, қолдағы саусақ іздерінен бөлек, алақанымыздағы қан тамырлары да бір біріне ұқсамайды. Тіпті оң қолдікі сол қолдан өзгеше. Қауіпсіздік те басты назарда. Сіздің биометрияңызды ешкім қолдана алмайды. Тіпті ұқсатып көшіру мүмкін емес. Өйткені ол тамырлар көрінбейді.

Альмира Мұратбекова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Егер сырттан бөгде адам кіруі қажет болса оны арнайы базаға тек құжаты арқылы енгізе аламыз. Яғни бізге келген адамдардың кім екенін, не үшін келгенін толық біле аламыз. Бұл жоба қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Кітапхана мен асханадада бар. Кітапханадан оқушы кітап алса, ата-анасына қандай кітап алғаны, қай күні қайтаруы қажет екені жазылған хат келеді.

«Алақан-мектеп» жобасы алдағы уақытта елорданың барлық мектептерінде орнатылады. Мектеп саны артқан сайын жобаның мүмкіндіктерін де арттыра түсеміз дейді мамандар.

Зарина Кәп, Нұрғали Мамурбаев, 24.KZ