ҰБТ-2024. Биыл 93 мың грант бөлінді
Бүгін Ұлттық бірыңғай тестілеудің негізгі кезеңі басталды. Оған қатысу үшін 330 мыңға жуық өтініш түскен.
Грант үміткерлері үшін тестілеу 5 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлерге екі мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі оқушылардың да жағдайы ескеріліп, олардың тест тапсыру уақыты кейінге шегерілді.
Бұдан бөлек биылғы ҰБТ-ның қандай жаңашылдығы бар?
Сымбат Жұмабаева биыл мектеп бітіреді. Талапкер атанып отыр. Бүгін тестілеу пунктіне өз бағын сынауға келді. Биология мен география пәнін таңдаған ол, болашақта эколог болуды ұйғарған. Ендігі мақсат – тестілеуден шекті балл жинап, жоғары оқу орнына грантқа түсу, дейді ол.
Сымбат Жұмабаева, талапкер:
- Негізі ең жоғарғы балл 140. Менің таңдаған мамандығым бойынша 60 жинауым керек. Шекті балл 60 грантқа түсу үшін.
Елордада тест тапсыратын 2 пункт бар. Ал жалпы еліміз бойынша 43 пунктте тестілеу өткізіледі. 5 шілдеге дейін 186 мың оқушы өз білімін сынайды. Биыл тестілеу бойынша айтарлықтай өзгеріс жоқ. Алайда бір маңыздысы – грант саны көбейді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Демография өсіп келе жатыр, қолжетімділікті сақтау керекпіз жоғары білімге. Былтыр 88 мың грант берілсе, биыл 93 мың грант беріледі. Сондықтан грант санын 5 мыңға өсірдік.
Ал апат болған өңірлердегі талапкерлер үшін тестілеу 25 мамырда басталады. Оларға арнайы квота мен қосымша грант қарастылырылып отыр.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Батыс өңірлерге арнайы квота беріліп жатыр. Маңғыстауда арнайы компания басталды. 43 жоғары оқу орыны сол жақта. Жалпы Батыс, жаңадан құрылған өңірлерге Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарына арнайы квотамен 3 мың грант бөліп отырмыз. Зардап шеккен өңірлерге тапсырыстың 20 пайызын бөлек квота, гранттар беріп отырмыз.
Сондай-ақ биыл ҰБТ-да берілген сұрақтардың саны өзгерген. Мәселен оқу мен математика сауаттылықтары бойынша 15 болса, қазір оның саны 10-ға азайған. Ал бейіндік пәндер сұрағы 35-тен 40-қа өсті. Бірақ жалпы сұрақ баяғыша 120 болып қала береді. Сәйкесінше максималды жиналатын балл саны өзгеріссіз қалды.
Наужан Дидарбекова, Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
- Бізде бұрыннан тест тапсырмасының бірнеше жауабы бар. 2017 жылдан бастап функционалды тапсырмалары әзірленіп келеді. Және дүниежүзілік банк жобасы аясында қазір біз ашық тапсырмаларға жайлап қадам жасап келе жатырмыз. Соның бір қадамы, үлгісі ретінде осындай сәйкестік бойынша тапсырмалар енгізіліп отыр.
Тестілеудің жалпы уақыты әдеттегідей 4 сағат. Ал ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қосымша 40 минут беріледі. Сынақтан сүрінбегендер грант жеңіп, жоғары оқу орындарында тегін білім ала алады.
Альмира Оразабай, Өрден Жарқын, 24.KZ