Мұғалім ұлт зиялыларының бейнесін шеге мен жіптің көмегімен өрнектейді
Түркістан облысында мектеп мұғалімі ұлт зиялыларының бейнесін кәдімгі шеге мен жіптің көмегімен өрнектейді.
Стринг-Арт технологиясын қолға алған Айнұр Сапарқызы бір айда халқымыздың мақтаныштары Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин және Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін кескіндеп шыққан.
Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы Балтабай Нұрлыбеков атындағы мектепте көретін дүние көп. Табалдырықтан аттағаннан оқушылардың қолынан шыққан әдемі дүниелер бірден көз тартады. Жуырда олардың қатарын ұлт зиялыларының бейнесі толықтырды. Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсыновтың бейнелері ерекше әдіспен өрнектелген.
Көркем еңбек пәнінен дәріс беретін Айнұр Сапарқызының қолға алған бұл еңбегі – Алаш зиялысы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың бейнесі. Алдымен тақтайға ұлы тұлғаның бейнесін қаламмен салып алған ұстаз шегемен кескін беруде.
- Нобайымызды жасап алдық. Кескініміздің бейнесі шықты. Енді жіпті тұйықтап аламыз да мұны өзіміздің алған суретімізге қарап, бірінші графасын сызып аламыз. Сосын барып ішін толтырамыз...
Үнемі ізденіс үстінде жүретін мұғалім ғаламтордан көрген стринг-арт өнері өзіне бірден ұнағанын айтады. Неге қарапайым шеге мен жіптен ұлт зиялыларын бейнелемеске деген ой маза бермепті. Бастапқыда қолымнан келе ме, жоқ па деп жүрексінгенін де жасырмайды. Тәуекел етіп алғаш қолға алғаны -ұлы Абайдың бейнесі. Бір түнде жасап шыққан дүниесін әріптестері қолдап, шабыт берген.
Айнұр Сапарқызы, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
- Ең алғаш өзіме қатты ұнағаны – жіптен кәдімгі бейне шығару да былай қарап тұрсаң, оңай дүние емес, бірақ білмейм енді, өзіме қатты ұнады. Сосын қазақтың тұлғаларын жасайыншы деп бірінші қолға алдым.
Айнұр стринг-арт өнерін әзірге бір оқушысына ғана үйретіп жүр. Кескін тақтайға шеге қағылатын болғандықтан балалар абайсызда қолын жарақаттап алады ма деп қорқады. Ерекше өнерге машықтанып, ұлы тұлғаларды бейнелеуге өз үлесін қосып жүрген Кәусар басында аздап қиналғанмен қазір үйренгенін айтады.
Кәусар Құрақбаева, 9-сынып оқушысы:
- Стринг-Арт шыдамдылықты өте қатты талап етеді. Төзімділікті және де қолдың икемділігі ол өте маңызды болып саналады. Бара-бара қызықтым.
Бір жұмыстың нобайын жасауға 1 сағаттай уақыт кетеді. Одан соң жібін мұқият өріп шығады. Тапжылмай отырса 4-5 сағат жеткілікті дейді. Әлихан Бөкейхановтң бейнесін аяқтағасын Айнұр Сапарқызы қазақтың қос батыр қызы Әлия мен Мәншүктің бейнесін кескіндемек.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш