Қауіпсіздік. Ақтөбелік оқушы ерекше құрылғы жасады
Лаңкестік шабуыл болса, жедел полицияға хабар береді.
Ақтөбелік оқушы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған жоба ойлап тапты. Тұмар Смағұлдың идеясы бойынша жасалған қосымша оқушылар арасындағы әлімжеттікті де анықтайды.
Қосымшаны адам басқармайды. Жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейді.
Тұмардың ойлап тапқан қосымшасы – тың дүние. Ол екі функция атқарады. Біріншісі – бейнекамера арқылы оқушының түр-әлпетін, кескінін таныса, екіншісі – оған қауіп төнген сәтті анықтайды. Атап айтқанда, оқушының қауіпке ұшырағанын жасанды интеллект оның іс-әрекетін моделдеу арқылы біледі. Сөйтіп, ұстаздар мен тәртіп сақшыларына бірден хабар бере алады.
Тұмар Смағұл, Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектептің оқушысы:
- Қазіргі таңда қауіпсіздік мәселесі, қауіпсіздік тақырыбы өте өзекті. Сол тақырыпта бір жоба ойластырайық деп ағайға ұсыныс тастадым. Бізде әлі көп нәрсе қосқымыз келеді. Өте көп жоспар бар. Мен мектеп бітіргенше жасалып қалады деп ойлаймын.
Мектептегі дарынды оқушылардың бірі – Тұмар бұл жұмысын республикалық ғылыми жобалар байқауына да апарып, жүлделі үшінші орынды иеленген. Сондай-ақ, қосымша ерекшелігімен танысқан Ақтөбедегі белді университеттің ұстаздары да жоғары баға берді.
Ербол Медеуов, информатика пәнінің мұғалімі:
- Қосымша қазіргі таңда трендте болып жатқан жасанды интеллект жүйесімен әзірленді. Соның ішінде машина оқыту әдісімен әзірленді. Мектепке қауіпті сәт төнген кезде, лаңкестік шабуыл болсын, қыспаққа алынған болсын оқушы қиналған сәтте яғни, жәбірленуші екі қолын көтеретін болса, буындары арасындағы бұрышты есептей отырып, адамның қиын сәтте екенін анықтайды. Компьютерлік моделін жасайды. Жасай отырып, құқық қорғау органдарына жылдам хабарлама жібереді.
Бұл жобаны іске асырып, жетілдіру жұмысы бір жыл бұрын басталған. Осы уақытқа дейін адам түрін тану және оған төнген қауіпті анықтау бойынша нәтижеге қол жетті. Енді, Тұмар мен оның ұстазы Ербол Медеуов қосымшаны әрі қарай дамытпақ ойда. Жобаға авторлық құқық алу ісі қоса жүріп жатыр.
Естеріңзде болса, бұған дейін астана мектептерінің біріндегі «Алақан-мектеп» жобасы туралы жазған болатынбыз.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев, 24.KZ, Ақтөбе