Түркі академиясы экология ғылымын оқытуды жүзеге асырады

Түркі академиясы енді тек гуманитарлық салада ғана емес,

экология және су ресурстарын басқару бойынша бастамалар мен түркі жастарын ғылымға баулу жөніндегі жобаларды жүзеге асырады. Бұл туралы Анкарада өткен Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының VII Бас ассамблеясында айтылды.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Түркі әлемі ғылымның барлық саласында көшбасшылық етуі тиіс. Түбі бір түркі жұртының ғылымына жауапты академия басшылары осылай есептейді. Осы орайда Түркия астанасындағы жиында табиғи апаттардың алдын алу бойынша ортақ ғылыми зерттеулер жүргізу, цифрлық технологияларды ұтымды қолданудың тетіктері қарастырылды.

Шаһин Мұстафаев, Түркі Академиясының басшысы:

-- Біздің елдеріміздің ғылыми қауымдастығы әртүрлі салаларда қол жеткізген табыстарымен өсіп, дамып келеді. Бұл жетістіктер біздің қоғамымызға ғана емес бүкіл әлем үшін өзекті. Климаттың өзгеруі, тұрақты даму, денсаулық дағдарыстары және технологиялық жетістіктер ұжымдық назар аударуды қажет ететін мәселелердің бір бөлігі ғана. Қиындықтарға қатаң зерттеулер мен инновациялық шешімдер арқылы қарсы тұру ғалым, академик ретінде біздің міндетіміз.

Ассамблея отырысының күн тәртібінде былтыр Алматы қаласында өткен алтыншы жиында қабылданған шешімдерді жүзеге асыру үшін нақты қадамдар ұсынылып, түркі әлеміндегі кеңейтілген ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыт-бағдарын айқындайтын бастамалар талқыланды.

Айнур Тимерханов, Татарстан ғылым академиясы басшысының орынбасары:

- Туыстас елдердің әлеуеті зор. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық жоғарғы деңгейде. Десе де, жасыл энергетика, жасанды инттеллект және дрондарды жасап шығару секілді бірқатар қажетті салаларда жоба жасауға әзірміз. Себебі бұл заман талабы. Ынтымақтастық орнату біз үшін қиынға соқпайды. Өйткені ортақ тарих пен тіл бұған әсер ететін бірден бір фактор.

Жиын соңында Түркі әлемі ғылым академиялары одағының кезеңдік төрағалығы Татарстаннан Түркияға өтті. Отырыс қорытындысы бойынша Ғылым академиялары одағы бас ассамблеясының келесі кезекті отырысын 2025 жылы  өткізу туралы шешім қабылданды.