Америкалық мұғалім домбыра ойнауды үш айда меңгеріп алған
Өскеменге ағылшын тілін үйрету үшін барған америкалық мұғалім үш айда домбыра ойнауды меңгеріп алған, деп хабарлайды 24KZ.
Масачуссетс штатынан келген 24 жастағы Колин Ламфиердің күй қоржынында қазір 10-ға жуық шығарма бар. Өзі атына ұйқастырып, Көлбай деген қазақша есім алған педагогпен тілшіміз Ердана Ержанұлы жолығып қайтты.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Әбдімомын Желдібаевтің «Еркесылқымын» домбырада күмбірлетіп отырған бостондық мұғалім – Колин Ламфиер. Қазақстанға «Фулбрайт» бағдарламасымен былтыр қыркүйекте келген. Ағылшын тілінен сабақ бере жүріп, төл аспабымызды 3 айда меңгеріп алған. Бұған дейін гитарада ойнаған америкалық домбыраның қос ішегінен осыншама күй төгілетініне аң-таң болғанын жасырмады.
Колин Ламфиер, «Фулбрайт» бағдарламасының ағылшын тілі мұғалімі:
- Домбыраның қарапайымдылығын қатты ұнаттым. Екі ішегі болса да, сондай әдемі әуезді күйлерді ойнауға болады. Бұл аспаптағы шығармалар да әртүрлі, екпінділері де, ерекше қағысты шертпе нұсқалары да бар. Диапазоны да осынша кең болады деп күтпеген едім. Қазір гитарада емес, домбырада жиірек ойнайтын болдым. Қуаты мен киесі бар аспап.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде сабақ берген Колин домбыра мұғалімінен де, шәкірттерінен де біраз қазақша үйреніпті. Жазғы демалыста тілашар кітабын сатып алып, 3 ай бойы қазақ тілінен сауатын арттырмақшы. Себебі келесі оқу жылында Өскеменге оралуды көздеп отыр. Студенттері де ізденімпаз ұстаздың көмегімен ағылшын тілі бойынша едәуір ширап қалғанын айтады.
Бақдәулет Нұрғалиев, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенті:
- Негізінде ағылшын тілі, менің ойымша, басты нәрсе, оны барлық инженерлер білуге тиіс. Ең қажетті дүние бағдарламауда. Өйткені барлық курстар, бағдарламалау тілдері, олардың барлығы ағылшынша. Ол келмесе менің ағылшыншам сол деңгейінде қалушы еді. Себебі ол менің өмірімдегі ағылшынша сөйлейтін ең бірінші адам болды.
Колин сияқты тағы 21 америкалық мұғалім Қазақстанның біршама білім ордаларында 9 ай бойы ағылшын тілінен сабақ берген. Бүгін шәкірттері оқу жылын қорытындылап, Астанада ағылшынша дебат сайысында кім мықтыны анықтады. 19 университет арасынан түркістандық студенттер бірінші орынға ие болды. «Алғаш рет өткен сайыс енді жыл сайынғы дәстүрге айналады», - дейді шарада қазылық еткен АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм.
Дэниел Розенблюм, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Студенттер арасында дебатты ұйымдастырудың негізгі мақсаты – өзекті мәселелер бойынша ағылшын тілінде ойын анық жеткізіп, пікір таластыруға баулу. Соның арқасында тілдік қабілеттері дамиды. Бұл сайыс та, 9 айлық ағылшын тілі курстары да студенттерге ғана емес, екі жақтың оқытушыларына да пайдалы болды деп ойлаймын. 4 мұғаліміміз екінші жылға қалып отыр. Тіл үйретушілердің тағы бір толқыны алдағы қыркүйекте келеді деп күтіп отырмыз.
Білім берудің екіжақты процесс екені көпшілікке мәлім. Ұстаз да, шәкірт те бір-бірінен мол дүниені үйрене алады. «Ал екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға үлес қосуы оның пайдасын еселей түсетіні сөзсіз», - дейді шараға қатысқандар. Осылайша, Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығы тағы бір жемісті жобамен толығып отыр.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Қали Несіпбаев