Шымкенттік оқушылар әлемнің үздік университеттерінен шақырту алды
Шымкенттік оқушылар әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Жас түлектер халықаралық IELTS, SAT сынақтарынан сүрінбей, жоғары балл жинаған, деп хабарлайды 24kz.
Білім шыңын бағындыруға ұмтылған Диас Жантөре мен Сунатулла Октамов есімді талапкерлермен аймақтағы тілшіміз тілдесіп қайтты.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Болашақ мамандығына бір жыл бұрын жоспар құрған Сунатулла Октамов әлемнің 40 университетінен шақырту алды. Оның білім деңгейі мен қабілет-қарымын Америка, Канада, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктерінің жетекші оқу ордалары жоғары бағалады. Таңдауы Малайзия мемлекетіне түсті.
Сунатулла білім сынақтарынан бөлек өзінің жан-жақтылығын да дәлелдей алды. Ағылшын тілінде әлеуметтік жобалар мен волонтерлік клуб құру туралы бастамасын сәтті қорғады. Сондай-ақ мамандығы бойынша «Бизнес басқару» саласында халықаралық болжамдар жасаған.
Сунатулла Октамов, оқушы:
- Мен осыған 1 жыл дайындалғанның ішінде маған профориентолог мамандар көмектесті. Тағы мұғалімдер көмектесті. Мен жүзден астам универге тапсырдым. Соның ішінде мені 40 университет шақырды. Малайзияда 4-5 жыл оқимын. Сосын елге қайтып, бизнес жағынан елді дамыту ойымда.
Ал Диас Жантөре болса, 800 мың АҚШ долларына пара-пар академиялық білім грантын жеңіп алды. Оған Оңтүстік-Шығыс Азияда тегін оқу мүмкіндігіне қоса, денешынықтыру залдарына жолдама берілді. Дарынды өренді қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету жағы да назарға алынды.
Диас Жантөре, оқушы:
- Мен өзім 2 жыл бұрын болашақ мамандығымды таңдадым. Осы бағытпен кетемін деп шешім қабылдадым. Өзіммен жастыларға айтатыным ҰБТ секілді осы бүкіләлемдік тест болсын, алдын ала соның бәрін жоспарлау керек.
Білім ордасының оқытушылары білікті шәкірт дайындау үшін сабақтарды тереңдетіп оқытады. Оларға 10-сыныптан бастап шет тілдерін үйретіп, білім сынақтарынан сарапқа салады. Өзге тілде эссе жаздыртып, жан-жақтылыққа дайындайды.
Әйгерім Шерім, оқу орталығының директоры:
- Мысалы шетелге түсу үшін баланың мықты жетістіктері болуы керек. Портфолиосы болуы мүмкін, спорт, өнер, би, ғылыми жобалар болуы мүмкін. Еріктілік болуы мүмкін және де халықаралық экзамендер керек шетелге түсу үшін. Ол IELTS, SAT экзамені бар. IELTS деген ағылшыннан болса, SAT деген математика ағылшынша тапсырылады.
Ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтаған үздік оқушылардың мақсаты – елімізді жаңа деңгейге көтеру. «Оқуымызды аяқтаған соң қайта оралып, еліміздің игілігі үшін адал жұмыс істейміз», - дейді олар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов