Қазақстандық мұғалімдер тәжік әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді

Қазақстандық мұғалімдер тәжік әріптестеріне шеберлік сағатын өткізді

Душанбеде Еуропалық Одақ пен педагогикалық шеберлік орталығының табысты ынтымақтастығы аясында мұғалімдердің кәсіби кездесуі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстандық оқытушылар тәжік әріптестеріне ұлттық білім беру жүйесін ілгерілету бойынша шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибесімен бөлісті.

Душанбедегі мұғалімдердің кәсіби дамуын түбегейлі жаңғырту шарасы PISA жаһандық зерттеуіне дайындық аясында өтуде. Шеберлік сағатын алғаш болып облыстық әрі республикалық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының топ-менеджерлері өткізді. Онда педагогтардың кәсіби дамуы мен олардың метапәндік құзыреттіліктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Жанбота Кадыкаримова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының директоры:

- Әріптестерімізді ересек аудиторияны белсенді оқытудың тәсілдері мен әдістерін қолдануға үйретеміз. Мектеп мұғалімдерінің оқуда қолданатын әртүрлі стратегияларымен таныстырамыз. Бұл жоба тәжік мұғалімдерінің біліктілікті арттыру курстарын сапалы және тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаға қатысушылар жоба аясында дамыған әлемдегі жаһандық өзгерістер мен мектептің білім беру жүйесіндегі өзекті ғаламдық трендтерді зерттейді. Әсіресе, көшбасшылық, стратегиялық жоспарлау, жасанды интеллект, педагогикалық практикадағы зерттеу қызметі және функционалдық сауаттылық тақырыптарына ерекше басымдық берілген. Тәжік мұғалімдері аталған мәселелер бойынша маңызды бастамаларды жүзеге асырмақ ниетте.

Навруз Мирзозода, білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры:

- Педагогикалық шеберлік орталығының қолдауымен біздер келешекте білім беру бағдарламалары мен институт стратегияларын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ біліктілікті арттыру бойынша бірнеше халықаралық аккредитациялау курстарын өткізу мәселелерін талқылаймыз.

Қазақстан мен Тәжікстан гуманитарлық серіктестік орнату бойынша тиісті құжатқа наурыз айында қол қойды. «Тараптардың іс жүзінде білім беру байланысын нығайтуы саладағы қарқынды жобалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді», - дейді мамандар. 

Штефан Зеверт, ЕО Тәжікстандағы ұлттық білім беру бағдарламасының жетекшісі:

- Әлем елдеріндегі білім беру жүйесіне қойылатын талаптар күн сайын өзгеруде. Қазақстан мен Тәжікстанның білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы қос елдің өзара тәжірибе алмасып, сол арқылы білім деңгейін арттыруына мүмкіндік береді. Тәжікстан үкіметі жоба шеңберінде осы бағдарламаларды іске асыруға ниетті.

Айта кетейік, ауқымды жоба посткеңестік дәуірде алғаш рет Дүниежүзілік сабақ зерттеу қауымдастығының халықаралық конференциясы қарсаңында жүзеге асырылып отыр. «Мұның символдық мәні зор деуге негіз бар», - дейді сарапшылар.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева