Алдағы екі жылда жас ғалымдарға бөлінетін грант саны көбейеді

Алдағы 2 жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы көбейеді, деп хабарлайды 24kz.

Оған бюджеттен 18 миллиард теңге қарастырылған. Мұны Мемлекет басшысы Алматыдағы іссапары кезінде айтты. Президент «Ғылым ордасына» ат басын бұрып, ғалымдардың жағдайымен танысты.

Берік Дүйсенбай, тілші:

- «Ғылым ордасы». Көненің көзіндей болған бұл ғимарат 1957-ші жылы қолданысқа берілген. Қазақ ғылымының қара шаңырағы. Оқымыстылармен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев сөздің басын кезінде тозыңқырап қалған нысанның жай-күйінен бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған «Ғылым ордасы» бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді.

Отандық ғалымдардың ордасы қайта түледі. Енді ғылымды түлетпек керек. Шикізатқа иек артқан ел алысқа бармайды деді президент. Бізге заман талабына сай өнертапқыштар, инженерлер керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан заңда ғылыми қауымдастықтың мүддесі барынша ескерілетін болады.

Атқарылып жатқан істер көп. Елде әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Президенттің өткен аптада Сингапурге жасаған сапарында да маңызды уағдаластық орнады. Енді отандық мамандар Азия Жолбарысы атанып отырған елдің оқу орындарында даярлықтан өтеді. Бұған қоса, елімізде зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде.

Айрат Базенов, Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры:

- Бүгінгі жиындағы түпкі айтылған негізгі сөз – әрбір университет өз өңірінің даму бағытын анықтайтын, ал біздің ұлттық университеттеріміз бен ғылыми-зерттеу орталықтарымыз мемлекетіміздің даму бағыттарын анықтайтын орталыққа айналуы керек.

Даму бағыттарына экономикадан бастап заманауи сын-қатерлерге төл күшпен төтеп беру де кіреді. Осы ретте отандық ғылым табиғи және техногендік, сейсмикалық, биологиялық қатерлерге қорған болуы тиіс. Бұл – 5 құрлықтың басына бұлт боп төнген коронавирус індеті, оқтын оқтын елдің зәресін алып отыратын зілзала немесе кешегі алапат су тасқыны. Ғылымды дамытып қана қоймай, ғалымдарға қолайлы жағдай жасау да маңызды міндеттің бірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл құр сөз емес. Мемлекет тарапынан нақты жұмыс жасалып жатыр. Алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейеді. Бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінеді. Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ерғали Құрманов, астрофизик ғалым:

- «Жас ғалым» деген бағдарлама бар. Әрбір ғалымға берілетін жалақысы, стипендиясы десек болады 500 мың теңге. Қазіргі жағдайда өте жақсы көңіл бөлінуде мемлекет тарапынан. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Бүгін міне, екі бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмын.

Былтыр 284 жас ғалым баспана алса, биыл тағы 200-і қоныс тойын тойлайды. Бүгінгі жиында 10 жас ғалым Президент қолынан пәтер сертификатын алып отыр. Мемлекет басшысы ғалымдар мен ғылымды қолдайтын нақты шаралар жалғаса беретінін атап өтті. Себебі ғылым керек. Қасым-Жомарт Тоқаев жиында атап өткендей, біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз тиіс.

Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, ПТРК