Қызылорда облысында дарынды балаларға қолдау ерекше
Өңірде оқушылардың олимпиадалық резерв мектебін қалыптастыру мақсатында жыл бойы «Сыр дарыны» оқу-жаттығу жиыны өткізіледі.
Жалпы ағымдағы жылы сырбойылық 16 оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанса, 103 бала республикалық ғылыми жобалар мен мәдени-шығармашылық байқауларда топ жарған. Ұшқыр ойымен стартап жобаларын қаржыландыра білген 5 мектеп түлегі жоғары оқу орындарының білім грантын иеленіп, Сыр елінің мерейін үстем етті.
Асылжан Абдуллаев Сырдария ауданындағы №210 орта мектебінің биылғы түлегі. Ол халықаралық цифрлық форумында жасанды интеллектті алғаш рет қазақша сөйлетті. 300 мың сөздік қоры мен 140 миллиард ақпарат сиятын үздік платформа жасақтауға инвестиция тартты. Жеткіншектің жетістігі елеусіз қалмады. Үш бірдей белді университеттен шақырту түсті. Ізденімпаз өрен қазір су тасқынына тойтарыс беретін тың жобаны жетілдіру үстінде.
Асылжан Абдуллаев, өңірлік технопарк резиденті:
- Кішкентай метеостанциялар судың деңгейін анықтай отыра су тасқынының алдын алып және де белгі береді. Хакатон жарысында жобасын жасаған болатынбыз. Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында прототиптер тұр.
Ал Қазалы ауданындағы 24 мектептің 10 сынып оқушысы Нұрислам Сақтаған математика, тарих және қазақ тілінен республикалық олимпиадада топ жарған. Пікірсайыс додаларына да қатысатын білімпаз енді басқа пәндер бойынша білім бәйгелеріне қатыспақ.
Нұрислам Сақтаған, республикалық пәндік олимпиада жеңімпазы:
- География пәнінен республикалық олимпиадада жүлделі орын алу, ғылыми жобалар байқауында жетістікке жету секілді нақты жоспар бойынша жұмыс жасаудамыз. Астана қаласына дүниежүзі тарихы және халықаралық қатынастар мамандығымен оқуға түсуге қадамдар жасалуда. Болашақта Қазақстанның әлемдік державалармен терезесі тең дәрежеде араласуына өз үлесімді қосатын белді елші, дипломат, кәсіби саясаткер болғым келеді.
Өңірдегі білімге құштар өрендердің шамшырағын жағу үшін биылғы оқу жылында мемлекеттік «Дарын» орталығы құрылды. Қазіргі таңда ерекше талантымен дараланған 100-ге тарта дарын иесі үздіксіз оқу-жаттығу жұмыстарымен айналысып жүр.
Гүлжаһан Ізбасарова, "Дарын" қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары:
- Осы оқушыларымыздың басым бөлігі жаратылыстану бағытын қалайды. Қамбаш, Талдысу лагерлерінде 6 пән бойынша қосымша білім беру жұмыстары жүргізіліп келеді. Шығармашылықпен айналысатын балалар да аз емес. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта қаншама оқушыларымыз Абай оқулары, Ілияс оқулары, Ақберен, Яссауитану байқауларына барып келіп жатқан оқушыларымыз бар.
Аянат Кемелбек, республикалық шешендік өнер сайысының жеңімпазы:
- Республикалық «Ақберен» өнер байқауының шешендік өнер номинациясы бойынша финалисті болып табыламын. Облыстағы дебатер болып табыламын. Түрлі шығармашылық байқаулар мен «Дарын» орталығының ұйымдастырып жатқан ғылыми жобалардың жеңімпазы болып табыламын. Біздің табандылық пен талантымызды шыңдап жүрген, бізді әрбір додаға жолдап жүрген «Дарын» орталығындағы ұйымдастырушы-ұстаздарға алғыс білдіремін.
Қазір өңірде 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты мен 10 жайлы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек дарынды балаларға арналған «Шығармашылық академиясының» құрылысы басталады.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев