Талдықорғандық оқушылар жолдардың ақауын көрсететін сайт жасады

Өртке қарсы датчигі бар газ есептеу құрылғысы мен жолдардың жағдайын көрсететін мобильді қосымша. Бұл – талдықорғандық оқушылар жасаған жобалардың жемісі, деп хабарлайды 24kz.

Ізденімпаз жастар халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып, мамандардың жоғары бағасын алды.

Талдықорғандық оқушылар – Елдос пен Тимур жолдардың ақауын көрсететін сайт жасады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін олар нейрондық желіні пайдаланған. Тың идея алыс сапарға шығатындарға қолайлы. Ізденімпаз жастардың идеясы халықаралық байқауда «үздік» деп танылған.

Елдос Еренталов, жоба авторы:

- Әзірге біз жобамызды жауапты ведомствоға ұсындық. Болашақта біздің жобамыз қазақстандықтарды қызықтырады деген ойдамыз. Еліміздің кез келген жеріндегі жолдың жағдайымен танысу үшін сайтқа кіріп, қажет мәліметті алуға болады.

Олардың тағы бір жобасы мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Оқушылар өрт қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында газдың ауаға таралуын анықтайтын есептеу құрылғысын жасап шығарды.

Тимур Ким, жоба авторы:

- Біз құрылғыны «Дарын» байқауында таныстырдық. Облыстық және республикалық кезеңдерде бірінші орын иелендік. Содан кейін халықаралық байқауға қатысып, екінші орын еншіледік.

Жас астрономдар Тынәлі Дінмұхамед пен Жолмырза Бағдәулет екі жылдан бері ғарышты зерттеп жүр. Тоғызыншы сынып оқушылары «Күн жүйесі» халықаралық байқауында үшінші орынды жеңіп алған

Жолмырза Бағдәулет, оқушы:

- Осы жоба арқылы біз алдын ала катаклизмдерді, алдын ала жер сілкіністері, цунами дегенді, торнадо дегенді біле аламыз. Мысалы, біз ең тиімді вольф тәсілімен 15 минутта алдын ала катаклизмді біле аламыз.

Динара Тұрсынбаева, жоба жетекшісі:

- Биылдың өзінде біз Вольф санын есептедік. Енді біз Қазақстанда болған катаклизмдермен теңестіреміз. Соны сәйкестендіріп, дәлелдейік деп тұрмыз. Қазірдің өзінде біз метрологиядан мәліметтерді алып қойдық. Сол бойынша ақырын есептеулер жүргізіп жатырмыз. Олар сәйкес екенін біз 99% сәйкес келетіндігін көрдік.

Облыстық Дарын оқу-әдістемелік орталығы мамандарының айтуынша, биылғы зияткерлік іс-шараларға 100 мыңнан астам бала қатысқан. Республикалық деңгейге облыстың 128 оқушысы шықты, олардың 73-і түрлі олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары атаны

Сандуғаш Жұмагелдина, «Жетісу дарыны» облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры:

- Сонымен бірге жыл бойында 6 халықаралық деңгейдегі өткізілген  олимпиадалар мен конкурстарға 25 оқушы қатысып, оның 11-і жеңімпаз атанды.

Ал республикалық ауылдық Олимпиадаға қатысқан үш мың баланың ішінен 22 оқушы жүлдегер атанды. Жетісу облысының командасы жаратылыстану–математика және қоғамдық-гуманитарлық  бағыт бойынша елімізде үздік деп танылды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Гүлнар Жантасова, Олжас Байбосынов