«Адам құқықтарының негізі» пәнін енгізу ұсынылды

Жоғары оқу орындарының бағдарламаларына «Адам құқықтарының негізі» пәнін енгізу керек. Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында осындай ұсыныс айтылды.

Комиссия төрағасы Игорь Роговтың пікірінше, бұндай пән студенттердің құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыруға сеп болмақ.

Елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Онда 650 мыңға жуық жас білім алады. Алдағы жылдары студент саны ұлғаймаса, кемімейтіні анық. Сондықтан оларға сапалы білім беріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту ісінде еш кідіріс болмауы шарт, – деді Ғылым және жоғары білім министрі. Отандық білім ордалары оқытудың тиімді бағдарламаларды құрған, енді оның сапасын қадағалау маңызды. Әсіресе мемлекеттік тілде сапалы білім беруде біраз мәселе бар. Мысалы, заңдарды бірден қазақша жазып, мемлекеттік тілде іс жүргізетін маман даярлағанымыз абзал, – дейді адам құқықтары саласындағы ұлттық сарапшы Тастемір Әбішев.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:

- Әсіресе оқытушылардың деңгейін арттыруда қара шаңырақ әл-Фараби атындағы ҚазМУ, Нәрікбаев атындағы заң университеті болсын, басқа да Еуразиялық ұлттық университеті дейміз ғой, солардың біліктіліктерін 3 жылда, 5 жылда көтеріп отыру қажет. Заңдарды аудару саласында мынау аудармашы мамандарды да жақсылап дайындау керек. Сапалы түрде. Себебі аудармашылар екі тілді бірдей білуі қажет.