Қазақстан мен Қытай бірлескен зертхана ашады

Қазақстан мен Қытай арасында бірлескен зертхана құрылады, деп хабарлайды 24kz.

Мұнда молекулярлық биология, генетика, биомедицина, биоинженерия сияқты салада ғылыми-зерттеулер жүргізіледі. Медицина ғылымын дамытуға ден қойылады. Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде үшжақты келісімге қол қойылды. Зертхананың екі филиалы болады. Оның бірі Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының базасында, ал екіншісі Шэньчжэнь университетінде орналасады. Маңызды келісім Си Цзиньпиннің елге жасаған мемлекеттік сапары аясында бекіді. Орталық жыл соңына қарай жұмысын бастайды.

Қуантар Әлиханов, ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Пәнаралық ғылым орталығының директоры:

- Академиялық ұтқырлық аясында ғылыми кадрлар дайындау, тәжірибе алмасу жұмыстары, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі ғылыми зерттеу жобалары ұйымдастырылатын болады. Аталған Шэньчжэнь университеті әлемдік QS рейтингісі 500-ге кіретін, Нобель сыйлығының иегерлері қызмет ететін 3 мыңнан аса халықаралық деңгейдегі ғалымдары бар жоғарғы деңгейдегі жетекші университет болып табылады.