Оқушылар химиядан өткен халықаралық олимпиадада топ жарды

Халықаралық химия олимпиадасында топ жарған қазақстандық оқушылар елге оралды.

Жүлдегерлер арасында павлодарлық Ринат Елеусізов және ақтаулық Әділжан Молдағұл бар. Ал астаналық Кирилл Ким мен Абылай Кабдулхадырды әуежайда отбасы мүшелері, достары мен мұғалімдері күтіп алды. Бұл - жас өрендердің бірінші халықаралық додасы. Сондықтан аталған бәсеке қиын болғанын айтады. Дегенмен жас химиктеріміз қос алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, 100% нәтиже көрсетті. Айта кетейік, Сауд Арабиясында өткен International Chemistry (Кэмистри) Olympiad дүниежүзілік ең беделді 7 доданың қатарына кіреді. Биылғы бәсекеге 90 елден 333 бала келген. Біздің құрамамыз үшінші жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді.

Абылай Кабдулхадыр, халықаралық Олимпиада жүлдегері:

- Мен үшін олимпиада қиын болды. Себебі теориялық та, практикалық та тапсырмалар болды. Ешкім сол тапсырмалар болатынын білмеді. Және олар бұрынғы жылғы тапсырмаларға ұқсаған жоқ.