Олжас Бектенов мектептердің құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды

Дегенмен бірқатар өңірде мектептер оқу жылының басталғанына дейін пайдалануға берілмей қалуы мүмкін.

Мәселен, Ақтөбе облысындағы 7 білім ошағының құрылыс жұмыстары негізсіз созылып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында осы мәселеге назар аударды. Ол барлық күш-жігерді біріктіріп, нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуын қамтамасыз ету қажет, - деді. Сондай-ақ ол кейбір өңірде оқу орындарының дайындығы тиісті деңгейде емес, деді. Мектептердегі жөндеу жұмыстары кестеден кешігуде.    

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тамыз айында күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс. Алайда 18 мектепте жоспарланған жұмыстардың 30 пайызы ғана орындалған. Бұл Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарына қатысты. Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдамаса болмайды. Балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуы үшін оқу процесі басталғанға дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаңыздар.