Назарбаев зияткерлік мектептеріне аудиторлық тексеріс жүргізілді
Назарбаев Зияткерлік мектептері қаражатты пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етпейді.
Жоғары аудиторлық палата тексеріс жүргізіп, осындай қорытындыға келді. Іс жүзінде жүргізілмеген жұмыстар жоспарланған. 2019-2023 жылдары орындалмаған іс-шаралар көлемі шамамен 8 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік аудит кезінде сатып алулар бойынша 10,5 млрд теңгеге бұзушылықтар тіркелді. Бұдан басқа тауарларды жоғары бағамен алу фактілері анықталды. Жалпы мемлекеттік аудит барысында: 274 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар; 8 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау; шамамен 6 млрд теңгені тиімсіз пайдалану жағдайлары анықталды. 2019-2023 жылдары Назарбаев Зияткерлік мектептері жұмысына, бюджеттен 250 млрд теңге бөлінген. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджеттен сұратылған барлық қаражатты нақты есеппен негіздеу қажеттігін атап өтті.
НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ:
-274,4 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар
-8,3 млрд теңгеге қаражатты тиімсіз жоспарлау
-шамамен 6 млрд теңгені тиімсіз пайдалану
-134 рәсімдік бұзушылық пен 30 жүйелік кемшілік анықталды