Қазақстанда жарты миллион бала жаңа мектепте оқиды
Жыл соңына дейін Қазақстанда 302 жаңа мектеп ашылады.
Жалпы қазір ел көлемінде 1290 мектепке жөндеу қажет екен. Бұл орайда Үкіметтің жоспары қандай?
Бүгінде елде 4 млн-ға жуық оқушы бар. Оларға 7859 мектеп білім береді. Дегенмен әлі де орын тапшы. Үш ауысыммен жұмыс істеп тұрған мектептер көп. Бұл мәселеге Президент бірнеше мәрте назар аударды. Қазір аймақтарда білім ошақтарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- «Самұрық Констракшен» компаниясының мәліметі бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында соғылып жатқан мектептердің 20-сы мерзімінен бұрын, ағымдағы жылдың 20 тамызына дейін іске қосылады деп күтіліп отыр. Жалпы 2024 жылы 536 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге бағытталып отыр.
Елде ғимараты тозған 1290 мектеп бар. Олардың басым көпшілігі Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Түркістан және Алматы облыстарында орналасқан. Қазір 280 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 222 мектептегі жұмыстар оқу жылы басталғанша аяқталуға тиіс.
Ғимараты тозған мектептер
Барлығы – 1290
Жамбыл облысы – 182
Павлодар облысы – 145
Ақмола облысы – 143
Түркістан облысы – 115
Алматы облысы – 93
Астана қаласында да 20 мектепті күрделі жөндеуден өткізу қажет. Жалпы бас қалада мектеп тапшылығы өткір тұр. Қаланың Бас жоспары бойынша 2035 жылға дейін 164 мектеп салынады. Қазір шаһарда 30-дан астам мектеп құрылысы жүріп жатыр.
Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:
- Жаңа оқу жылы ішінде 23 мектеп салынады. Бұл елорда үшін рекордты көрсеткіш болып саналады. Мәселен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары Samruk-Kazyna Construction қалада 24 жайлы мектеп салады. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Оқу жылының басында 8 жайлы мектеп, 3 мемлекеттік және 1 жеке мектеп ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы 7 жайлы мектеп, 2 мемлекеттік мектеп және 2 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар.
Елдегі мектептерді заманауи оқу кабинеттерімен жабдықтауға назар аударылады. Биыл 1000 пәндік кабинет ашу, 1000 ауыл мектебін 7 бағыт бойынша жаңғырту көзделген. Сонымен қатар робототехника, химия, биология, физика және STEM-зертхана бойынша 1383 кабинет сатып алу жоспары бар.
Авторы: Нұрқанат Қанапия.