Баланы 1-сыныпқа неше жастан берген дұрыс?

Кішкентайды оқуға неше жастан берген дұрыс?

Заң бойынша мектепке 6 жастан қабылданса да, өтінім беру әр ата-ананың өз еркі. Біреу 5, біреу 7 жаста бір-ақ беріп жатады. Енді бұл қаншалықты дұрыс? Мамандар не дейді?

Астана қаласының тұрғыны Назерке Маукен: «Балам 1-сыныпқа 7 жасқа қараған шағында барады. Қыркүйекте мектеп табалдырығын аттаймыз. 6-ға  толғанда дайындықты бастап кеткенбіз», – дейді.

Назерке Маукен, ата-ана:

- Қазір бір сыныпта 20, 25, 30 балаға дейін отырады. Сондықтан да көңіл бөлінбей қалуы да мүмкін. Мектепке деген ынтасы жоғалып кетуі мүмкін. Әліппені, сызуды, қосуды, алуды біліп барғаны дұрыс деп ойлаймын.

Иә, көпшілік ата-ана баланы 7 жасқа толмай берсек, сыныптастары мен оқу бағдарламасына ілесе алмай қала ма деп алаңдайды. Әр ата-ана өз баласының мінезін жақсы білгендіктен, оның физиологиялық және эмоционалды күйін де ойлайды. Себебі психологтар: «Баланың жасы келіп тұрса да, жүйке жүйесі дайын болмауы мүмкін», – деп жатады.

Анаргүл Ибраимбекова, психолог:

- Әр баланың мектепке жетілу деңгейі әртүрлі болып жатады. Кейбір балалар 6 жаста дайын болса, кейбірі 7-8 жаста дайын болады. Жаңа орта, жаңа талап, жаңа адамдар – оның барлығына бала дайын болуы керек. Психологиялық тұрғыда бала агрессивті емес, өзінің әрекетіне жауап бере алатын, сонымен қатар кез келген сұраққа жауап бере алатын болса, балада ары қарай психологиялық бұзылыстар болмайды.

Мұғалімдер де 1-сыныпқа баратын баланы ең алдымен мектепке бейімдейді. Мектепке дейінгі дайындық жұмыстарын оқу, жазу емес, ортаға кіріктіруден бастайды. «Ал олардың үлгерімі тек 2-сыныптан бастап бағаланады», – дейді.

Бексұлтан Басықара, Астана қаласы №93 мектеп-лицей директоры:

- Мәселе олар қандай дайындықпен келетінінде емес, ол мектепке келіп, дағдыларды үйренеді. Дегенмен біз бірінші сыныпқа қабылдаған кезде олардың бағаланбайтынын ескеруіміз керек. Бұл – ең басты ерекшелік. Өйткені балалар қандай дайындықпен келсе де, біз мемлекеттік стандарттағы бағдарламаны меңгертеміз.

Қазір еліміздің барлық білім ордасында «Балақайлар мектебі» ашылған. Бұл – баланы жедел түрде мектепке бейімдеу сабақтары. Балалар өзі баратын мектептің әр бұрышын таниды. Мұғалім және өз қатарластарымен қарым-қатынас орнатады. Достар табады. «Былтырдан ашылған дайындықтың мұндай түрі болашақ оқушылар үшін жақсы нәтиже беріп жатыр», – дейді елордалық әдістемелік орталық басшысы.

Сындар Дауешова, Астана қаласы әдістемелік орталық басшысы:

- Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 3500 бала Балақайлар мектебінен өтіп жатыр. Бұл мектептің бір жақсылығы – психологиялық тұрғыда балаға ешқандай стресс болмай, 1-сыныпқа келуі және де алдына келетін мұғалімін тез қабылдап алуы, үйренуі. Біз ең бірінші, баланың психологиялық тұрғыдан дамуына қараймыз. Егер де баланың көңіл күйі жақсы болса, оның қабылдауы жақсы болса, онда ол білімді де тез алып кетеді.

Білім минстрлігінің мәлімдеуінше, биыл 370 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Қазіргі таңда 340 мың өтінім келіп түскен. Ал 80 мыңға тарта бала осы тамыз айынан бастап арнайы дайындықтан өтіп жатыр.

Авторлары: Мөлдір Молдағали, Жарқын Өрден.