Биыл Маңғыстау облысында 5 мектеп ашылады

Маңғыстау облысында жаңа оқу жылына дейін 5 мектеп қолданысқа беріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Екеуі Ақтауда, қалғаны Қызылтөбе, Басқұдық және Бекі ауылында салынды. Сонымен қатар аймақта үш ауысымды 15 мектеп бар. Келер жылдың соңына дейін ол мәселе де шешімін таппақ.

Жаңа оқу жылында Ақтаудағы қос ықшамауданда алғаш рет мектеп ашылады. Әрқайсысы 1200 оқушыға шақталған.

Әлібек Баймұратов, №24 мектеп директоры:

- «А» және «Б» блогын қосқанда 63 оқу кабинеті бар. Одан кейін 18 қосымша, жаңағы мұғалімдерге арналған, әкімшілікке арналған кабинеттер бар. Заманауи нақышта салынған. Сол себепті басқа мектептен әлдеқайда көп ерекшелігі бар.

Білім басқармасындағылардың айтуынша, 1 қыркүйекке дейін 5 емес, 18 мектеп ашылуы керек еді. Бірақ іске қосу мерзімінің кешеуілдеп қалғанына  жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс әзірленбеуі және мемлекеттік сараптамадан өтпеуі себеп. «Енді 13 білім ұясы жыл соңына дейін қолданысқа беріледі», – дейді Гүлбану Қызылғұлова.

Гүлбану Қызылғұлова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 4 мектеп «Білім саласын дамыту» қоры есебінен салынып жатыр. Олар осы қыркүйек айында тапсырылады. Содан кейін 21 мектептің 13 мектебін 2024 жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80% орындалды.  

Қазір облыс бойынша 4 мыңға жуық бала үш ауысымда оқиды. Келер жылы 24 мектеп іске қосылса, мәселе шешімін табуы тиіс. Қазір 1 қыркүйекте ашылатын білім мекемелерінің ұстаздар құрамы жасақталып жатыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.