Ертіс өңірі «Оқуға құштар мектеп» пилоттық жобасын бастап кетті
Павлодар облысында «Оқуға құштар мектеп» пилоттық жобасына 14 мектеп қатысады, деп хабарлайды 24KZ.
Білім сапасын арттыруға жол ашатын бағдарламаға 3 қала мен 1 ауыл мектебі еніп отыр.
Жалпы Ертіс өңірінде биыл бірінші сыныпқа 11 мыңдай бала барады. Ал облыстағы мектеп оқушыларының саны 118 мыңға жеткен. Оқушылар жаңа оқу жылын жөндеуден өтіп, заманауи жабдықталған жайлы ғимараттарда бастамақ. Облыс бойынша 33 мектепте күрделі жөндеу жүріп жатыр. Білім беру басқармасының мамандары қыркүйекке дейін барлық білім ошақтары оқушыларды қабылдауға дайын болатынын атап өтті.
Биыл Баянауыл ауданындағы 26 мектептің төртеуі күрделі жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа қазынадан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. 3 мектепте жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Аудандық білім беру бөлімі оқушылардың да мектепке дайындығын пысықтап жатыр.
Маржан Құсайынова, Баянауыл ауданы білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Республика бойынша «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. 1 тамызда басталды. Бұл мақсатқа 1719 оқушыға қаражат қарастырылды. Бүгінгі күні 1435 оқушыға 71 млн 290 мың теңге қаражат аударылды. Бұл жұмыстар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардағы балалардың мектепке бара алмауының алдын алу мақсатында жүріп жатыр.
Мектептерді соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де баса мән беріліп отыр. Баянауылдың №3 мектебіне білім қорынан былтыр 250 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға жиһаздар алынып, пән кабинеттері жабдықталған.
Арман Шахметова, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Оқушыларға қажетті материалдар толық әкелінді. Оқу пәндеріне әдістемелік құралдар толық әкелінді. Жаңағы ұл балаларға арналған еңбек кабинеті, қыз балаларға арналған еңбек кабинеті толығымен жабдықталды. Одан кейін балаларға арналған робототехника кабинеті, телестудия кабинеті де толығымен әкелінді. Балалар сол жерде ғылыми жобаларын ары қарай жалғастырады.
Бұдан бөлек, Павлодар облысы республикалық «Оқуға құштар мектеп» пилоттық жобасына қатысады. Білім сапасын арттыруға бағытталған бағдарламаға Қазақстан бойынша 943 мектеп кіреді.
Гүлмира Баширова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
- Біздің облыс бойынша 14 мектеп анықталды. Ол Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Успен ауданынан. Яғни, KPI бойынша олардың білім көрсеткіші жеткіліксіз деңгейде. Қазір жобалық кеңсе құрылып, әдіскерлер анықталды. Осы бағыттағы жұмысты бастап кеттік.
Павлодар облысындағы 355 мектептің 147-сі орталық жылу жүйесіне қосылған. Қалған 183 мектепте автономды жылыту қазандықтары орнатылған. Барлық мектептер дайындық құжаттарын алды. Бүгінгі таңда 70 мың тоннадан астам көмір сатып алынған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков.