Солтүстікте 50 мектеп күрделі жөндеуден өтеді
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 50 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.
Оның ішінде көктемгі тасқын кезінде су астында қалған ғимараттар да бар. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінген. Жұмыс қалай жүріп жатыр? Мердігерлер жаңа оқу жылына дейін үлгере ме?
Петропавлдағы №14 мектеп көктемгі су тасқынында бір ай суда тұрды. Есілдің суы бірінші қабаттың терезесіне дейін көтерілген. Техникалық тексерістен кейін нысан жөндеуге жарамды деп танылып, 300 млн. теңге бөлінді.
Гүлімжан Әбжанова, №14 орта мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Қазір бірінші қабаттың едені ауыстырылды. Одан бөлек электр сымдары, су, кәріз және жылу жүйесі толық жаңартылады. Сонымен қатар мектептің іргетасы нығайтылады.
Ал бұл №8 мектеп. Биыл оқу ордасының спорт залы күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Сонымен қатар ғимараттың ішкі қас беті сырланып, ауласы абаттандырылады. Осы жылы білім ұясы 160 бірінші сынып оқушысын қабылдайды.
Әйгерім Уәлиева, №8 орта мектептің директоры:
- Барлық жұмыс түріне 60 млн теңге бөлінді. Егер оның 28 млнны күрделі жұмыс түріне жұмсалатын болса, қалғаны ағымдағы жұмыс түрлеріне жұмсалады. 5 мың шаршы метр асфальттің биылғы 2050 шаршы метрлі асфальтталды. Ол да бізді өте қуантады.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 50 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Қазір бұл жұмыстың нағыз қызған шағы. Өйткені, жаңа оқу жылына екі-ақ апта қалды.
Динара Анафина, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда 9 нысан жөнделіп тапсырылды. Тағы 15-інде жұмыс аяқталып жатыр. Қалғаны жаңа оқу жылына дейін дайын болады.
Өңірде жаңа оқу жылын 76 мыңға жуық бала бастайды. Оның жеті мыңнан астамы бірінші сыныпқа барады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков