Өзбекстандағы қазақстандық оқу орны алғашқы студенттерін қабылдап жатыр

Қазақстандық жоғары оқу орындары шетелдік тәжірибелерді зерделеп, білім беру бағдарламаларын жаңартып келеді.

Әрі сырт мемлекеттермен достық байланысын нығайтып, арнайы өкілдіктерін ашуды қолға алған. Осы тізімде алғаш болып Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Өзбекстандағы филиалы жұмысын бастады. Ташкент облысында орналасқан оқу ордасы IT-технологиялар, химия, тамақ өнеркәсібі және басқа да маңызды бағыттар бойынша кадр даярламақ.

Шыршық қаласында ашылған Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығын нығайтты. Жуырда Астанада өткен қазақ-өзбек көшбасшыларының кездесуінде тиісті келісімге қол жеткізілген. Араға санаулы күндер салып, қазақстандық оқу орны алғашқы студенттерін де қабылдап жатыр. Биылдың өзінде 500 білім алушы бұл орданың табалдырығын аттайды.

Әуезов университетінің филиалы – шет мемлекетте ашылған алғашқы қазақстандық оқу орны. Мұнда білім беру бағдарламасы үш тілде жүргізіледі. Қазақ, өзбек және ағылшын. Оқытушылар құрамы 40% жергілікті мамандардан жасақталған. Көрші елде филиал ашу жөніндегі бастама бірер жыл бұрын көтерілді. Содан бері ұсыныс үкіметаралық комиссия отырыстарында қаралып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың жарқын үлгісі ретінде іске асты.

Дария Қожамжарова, М. Әуезов атындағы оқу Шыршық филиалының директоры:

- Қазіргі таңда ғылым саласы – екі елдің негізгі мақсаты. Инвестицияны ғылымға қойып отыр. Бұл – үлкен саясат. Біздің елде ғылым заңы қабылданды. Ол заңның ішінде де Қазақстанның ғылым, білім саласын әрі достығын өзге елдерде көтеру мәселесі қаралып отыр. Сондықтан бүгін 18 техникалық бағытта филиал ашылып отыр.

Филиал жұмысымен осы елдегі қазақстандық дипмиссия басшысы арнайы танысып, оқытушылық-профессорлық құраммен кездесті. Соның ішінде аға буын жаңа оқу орнында жастарға жасалған мүмкіндікті жоғары бағалады. Себебі мұнда дуалды жүйемен де білім беріледі. Яғни, студенттер Шыршық технопаркіндегі өндіріс орындарында болып, дайын өнім жасау ісіне терең бойлай алады.

Айгүл Құдайбергенова, талапкер:

- Университетте PhD оқыған ұстаздар көп екен. Білімі жоғары. Сондай-ақ белсенділік танытып, жақсы оқысаңыз, одан да жоғары жетістікке жетуге болады деп естідім. Сол үшін таңдап отырмын.

Айта кетейік, қазір Өзбекстанның Ирригация институты Алматыда өкілдігін ашып, жұмысын бастап жатыр. Бұл да – білім мен ғылым саласындағы жан-жақты ынтымақтастықтың айқын дәлелі. Ал қазақстандық оқу орны орналасқан Шыршық қаласы – экономикалық әлеуеті жоғары аймақ. Мұндағы жастардың дені техникалық мамандық игеруге ниетті. Осы ретте үздіктер санатына енген университет оларға бәсекеге қабілетті әрі халықаралық диплом иегері атану мүмкіндігін ұсынбақ.

Авторы: Рауан Мыңбаев.