Алматыда 22 мектеп салынады
Алматыда білім саласына бөлінетін қаржы 42 миллиард теңгеге артты.
Қазір қалада 30 мың оқушыға мектеп тапшы. Мәселені шешу үшін алдағы екі жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 білім ошағы салынады. Бұдан өзге жергілікті бюджет есебінен де жаңа нысандар ашылады. Бұл жөнінде «Барлығына қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесе дамыту стратегиялары» атты конференцияда айтылды. Биыл еліміздің Оқу-ағарту министрлігі «Нысаналы мектеп» жобасын қолға алды. Бұл білім сапасын арттыруды көздейтін бастама. Осы жобаға Алматыдан 22 мектеп қосылды. Енді сол білім беру мекемелерінің директорлары мен олардың орынбасарларына және ұстаздарына әдістемелік көмек көрсетіліп, біліктіліктерін арттыруға жағдай жасалады.
Майра Мелдебекова, ҚР ОАМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары:
- Негізгі мақсат бұл жерде сапаны арттыру. Педагогтарды курстан өткізетін боламыз. Өздерінің білімдерін жетілдіру. Пәндер, методикалар бойынша. Функционалдық сауаттылықты оқушыларға үйрету бойынша методикалық көмек.
Әсел Нүсіпова, қала әкімінің орынбасары:
- Былтыр қаламыздың 207 педагогы біліктілікті арттыру курстарына қатысты. Олар Сингапур, Швейцария мен Ұлыбританияға барып оқып келді. Біз бағдарламаны жалғастырамыз. Ол мектепке дейінгі білім беру мен инклюзивті оқытуды да қамтиды.