Ғалымдар ішек микробиомасын зерттейтін жобаны жүзеге асырып жатыр

Астана ұлттық лабороториясының микробиома зертханасында метагеномаға қатысты ауқымды зерттеулер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ғалымдар бұл бағытта бірден бірнеше жобаны қолға алған. Қазір нәрестеден ересек адамға дейін ішек микробиомасын зерттейтін тың жобаны жүзеге асырып жатыр. Енді мамандар ішектің биологиялық жасын анықтау бойынша диагностикалық сынақтарды еліміздің медициналық мекемелеріне енгізуді жоспарлап отыр. Ғылыми қызметкерлер бұл бағыттағы алғашқы зерттеу нәтижелерін халықаралық журналдарда бірнеше мәрте жариялап үлгерген.

Ішек микробиомасы сіздің ас қорытуыңызға, иммундық жүйеңізге, тіпті көңіл күйіңізге де әсер етуі мүмкін. Сондықтан оның саулығын сақтау үшін ғалымдар арнайы зерттеу жүргізді. Микобиом деп аталатын бұл кішігірім әлемнің адам денсаулығына әсері ғалымдардың қызығушылығын тудырған. Мамандары адамның микробиом сапасының жас ерекшелігіне қалай әсер ететінін зерттеп жатыр. Ғалымдар барлық иммундық жасушалардың 70% ішекте болатынын айтады. Әрі бұл жасушалар өзгеріске ұшырап отырады.

Самат Қожахметов, NU микробиома зертханасының жетекші ғылыми қызметкері:

- Біз нәрестелердің ішек микробиомасын туғаннан бастап өсу жолына дейінгі аралықты зерттейміз. Зерттеулер микрофлораның әртүрлі ауруларға, аллергияға, жүрек-қан тамырлары, неврологиялық дерттерге әсер ететін жетекші факторлардың бірі екенін анықтады. Баланың семіздікке бейімділік микробиомасын анықтадық. Ішектегі микроорганизмдерді зерттеу арқылы кез келген аурудың алдын алуға болады. Бұл жобамызды толыққанды аяқтаған соң емханаларға енгізгіміз келеді.

Мамандар арнайы сынақтардың көмегімен ас қорыту жүйесін, ішектің түрі мен биологиялық жасын анықтай алады. Ғылыми зерттеулер еліміздің әр өңіріндегі адамдардың ағзасын талдау негізінде әзірленген. Ғалымдар өңірлерге арнайы барып, әр түрлі жастағы 3 мыңға жуық адамды тексергенін айтады.

Алмагүл Кушугулова, NU микробиома зертханасының жетекшісі:

- Адамның жасы, өмір салты, тамақтану рационы, сондай-ақ тұратын аймағы ішек микрофлорасының құрамында үлкен рөл атқарады. Біз зерттеу барысында бүкіл Қазақстанды аралап, жас ерекшеліктеріне қарай адамдардың ішек микроқұрамын талдадық. Жұмыс барысында жасанды интеллект технологиясын да қолдандық. Барлығына қолжетімді жоба әзірледік.

Адам денсаулығы ағзадағы ішек микрофлорасының күйіне және метаболизмге тікелей байланысты. «Тіпті баланың шақалақ кезінен бастап 3 жасқа дейінгі кезеңдегі ішек микрофлорасы оның иммундық жүйесін қалыптастырады», – дейді ғалымдар. Микробиома зертханасының ғалымдары бүгінде осыған қатысты бірнеше бағыт бойынша тың жобалар әзірлеп жатыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов.