Мектепте «Цифрлық мұғалім» жобасы жүзеге асады
Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Цифрлық мұғалім» жобасы жүзеге асады.
Бұл бағдарлама үлгерімі төмен оқушылардың білімін көтеріп, негізгі пәндерді тереңдетіп оқытады. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жоба негізінен мұқтаж отбасы балаларын қамтиды.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы халыққа жолдауында жалпыға білім беру аясында мұқтаж отбасынан шыққан балаларды қолдаудың маңыздылығын айтқан болатын. Бұл шара «Цифрлық мұғалім» жобасы негізінде іске асуы керек деді.
Осыған орай қыркүйектен бастап барлық мектепте 7-10 сынып оқушылары үшін негізгі пәндерді тереңдетіп оқыту жүйесі енгізілмек.
Әйгерім Ашықбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің баспасөз хатшысы:
- Қосымша оқыту жоспарланып отыр. Жалпы алгебра, химия, биология, Қазақстан тарихы, геометрия, осы 6 пәннің екеуін таңдайды. Сол арқылы қосымша дайындалып, үлгерімін көтеруге бағытталатын болады.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша, 2023 жылғы қараша-желтоқсан айларында елде 380 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасы анықталған. Ал сол отбасылардағы балалар саны қыркүйекке дейін әлі де нақыталанады. Өңірлердегі осы оқушылар енді жоба аясында арнайы платформалар арқылы қосымша онлайн білім алады.
Әйгерім Ашықбаева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің баспасөз хатшысы:
- Осы оқушыларды оқыту үшін арнайы педагогтар оқудан өтті. Жыл басынан бастап қаңтар-наурыз айларында 5700 педагог оқу курсынан өткен болатын кейін осы тамыз айына дейін 25 мың педагог түгелдей осы қосымша оқытуға арналған оқудан өтті. Сонымен қатар бұл бағдарламаға педагогикалық университеттерде оқитын жоғары курс студенттерін тарту жоспарда бар.
Оқытушыдан бөлек ұлттық білім академиясы мамандары осы жоба аясында арнайы оқыту бағдарламасын да әзірлеп қойды. Яғни үлгерімі төмен оқушылардың білімін бекіту және қайталау үшін кеңес беру сабақтарын ұйымдастырудың ережесі және қосымша сабақтарды өткізудің әдіснамасы жасалды.
Ардақ Дүйсенбаева, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы дидактика зертханасының меңгерушісі:
- Бұл әдістемелік әзірлемелерде нақты осы қосымша сабақтарды ұйымдастырудың талаптары, жалпы осы қосымша сабақтарды қашықтан өткізу бойынша әдістемелік ұсынымдар берілген. Одан кейін осы кеңес беру сабақтарын ұйымдастырудың жалпы мақсаты, міндеттері, талаптары және осы сабақтарды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар берілген.
Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, жоба аясында балалар онлайн оқытылатындықтан мектептердегі интернет жылдамдығын күшейту жұмыстары да қатар қолға алынған. Қазіргі таңда 331 мектепке старлинк технологиясы енгізілді. Жалпы жоба бойынша 3100 мектепті қамту жоспары бар.
Мөлдір Молдағали, Қали Несіпбай