Шымкентте 11 жайлы мектеп салынып жатыр
Шымкенттің 21 мектебінде оқушы саны нормадан артық.
Сол үшін қалада 11 «жайлы мектеп» салынып жатыр. Білім басқармасындағылардың айтуынша, жаңа мектептер пайдалануға берілсе, бұл жүктемені азайтуға болады. Дегенмен, үлкен шаһардағы мектептердің барлығын 1 аусымға көшіру үшін, әлі 13 мың орынға ғимараттар керек. Ал қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
Нұршуақ шағын ауданының балалары жаңа оқу жылында «Жайлы мектепке» барады. 2 мың орындық білім ордасының құрылысы 90 %-ке аяқталды. Жоба бойынша 4 спорт залы, 2 акт зал және қосымша оқу кабинеттері қарастырылған. Қазір нысанның қасбетін монтаждап, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жыл соңына дейін тағы осындай 10 мектепті қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Марат Қуанышбай, "Samruk-Kazyna Construction" АҚ Шымкент қаласы бойынша өкілі:
- 70-80% дейін отандық өндірушілердің материалдары қолдануда. Жиһазды алатын болсақ осы Шымкент қаласының жиһаз өндірушілерімен келісім шартқа отырып, солар жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмысы мен жобалау жұмысы EPC контракт бойынша бірге жүргізілуіне байланысты біраз мектептерді ертерек тапсырылады.
Шымкентте 21 мемлекеттік мектепте бала саны шамадан көп. Ондағы оқу кабинеттерінде оқушылар екі ауысымда білім алады. Биыл толымдығы жоғары білім беру мекемелерінің балаларын құрылысы аяқталған «Жайлы мектептерге» ауыстыру туралы шешім қабылданды. Ал орталықтағы №39 және 50 мектептерде қосымша нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда білім ордаларын толық бір ауысымға көшіру үшін әлі 13 мың орындық оқу ғимараты қажет.
Айдын Нәшенов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Шымкент қаласында 1 жаңа мектеп, 2 қосымша корпус салу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар 11 жобалық-сметалық құжаттама 11 мектепте жүргізуге дайын. Бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда кез келген уақытта жұмысын бастауға дайынбыз. Бәрі қаражатқа келіп тіреледі ғой.
Биыл тағы төрт мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс еді. Оған бюджеттен 2,2 миллиард теңге бөлінді. Алайда, нысандар межелеген мерзімде тапсырылмайтын сияқты. Сондықтан білім басқармасының өкілдері мәселені реттеуге екі түрлі нұсқа әзірлеп, оқушыларды көшіруге қам жасап отыр.
Нұргүл Шәмшиева, қалалық білім басқармасының басшысы:
- №8,48 және 120 мектептерде 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтіп отырмыз. №80 мектепте кішкене қауіп бар. Бірақ №80 мектептің бастауыш сынып оқушылары өзінің жаңа корпусында, қалған сынып оқушыларын жанындағы мектептерге жайғастыру бір вариант. Екінші вариант жалға қосымша ғимарат алу жоспарланып отыр.
Демографиялық өсімді ескерген қала билігі 2028 жылға дейін 63 мектеп салу жоспарланғанын мәлімдеді. Жалпы 50 мың орынға лайықталған заманауи оқу ордалары шалғай шағын аудандардан бой көтеретін болады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы