Қарағандыдағы Күнгей шағынауданында алғашқы мектеп ашылды

30 жыл бойы білім ошағы болмаған жеке үйлер аумағының балалары шалғай орналасқан мектептерге барып жүрген еді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мектептер салу, білім беру саласын жақсартуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Жаңадан ашылған оқу ордасы – осы жұмыстарды жүзеге асырудың алғашқы қадамы.

Күнгейде жылдар бойы мектеп мәселесі шешілмей келді. Маңайдағы ең жақын мектеп бірнеше шақырым жерде болғандықтан, автобуспен қатынау қажет. «Күз бен көктемде балалар балшыққа батып келсе, қыс айларында ерте қас қараятындықтан, қауіпсіздік тұрғысынан тіпті қиын еді», – дейді Қырмызы Қасымова. Ол Күнгей ықшамауданында тұрады. Биыл 3 баласының тұңғышы мектеп табалдырығын аттады.

Қырмызы Қасымова, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Осы Күнгейде мектеп болмаған. Бірінші рет ашылып тұр. Алдында басқа мектепке апарамыз деп ойлап жүрдік. Ол апарып, алып келу де – біраз жұмыс. Өте қуаныштымыз, Күнгейдің тұрғындары да қуанышты. Тағы мектеп, балалбақшалар ашылса деп ойлаймын. Өйткені кішкентай балалар бар үйде. Олар балабақшаға алыс жерге барады.

Мектеп құрылысы 2023 жылы наурыз айында басталды. Облыстық бюджет есебінен салынған 3 қабатты су жаңа білім ордасы күнгейліктердің көз қуанышына айналды. Мектептің оқу бөлмелері заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда робототехника, арнайы студия, зертханалар жұмыс істеп тұр. 600 орынға арналған білім ошағы бастапқыда бір ауысыммен оқытуды жоспарлаған. Алайда балалар көп болғандықтан, екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

Бақыт Қалмағанбетова, №26 жалпы білім беру мектебінің директоры:

- Халық көптен күткен мектеп бізде. 30 жыл болды осы Күнгей ықшамауданына. Бірақ мектеп биыл ғана ашылды. 600 оқушы болу керек бізде. Бірақ бізге балаларымыз көп келді биыл. Қазір 700 оқушыдай қамтып алдық.

Жалпы Қарағанды облысында биыл 17 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады. Өңір бойынша 420 мектеп бар. Оларда 172 мыңнан астам оқушы білім алады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.