Тіл дамуында кемістігі бар балаларға ертегі терапиясы қолданылады

Ертеректе ата-әжелері немерелеріне қисса оқытып, өздері ертегі айтып көңілін аулаған.

Баланың көңілін аулап қана қоймай, бала тілінің түзу шығуына көңіл аударған. Шымкентте қазір тіл кемістігі бар балаларға дәл осындай ертегі терапиясы қолданылып жатыр.

Аймақта инклюзивті білімге мұқтаж 14 мыңға жуық бала бар. Олардың саны жылда артқандықтан, білікті мамандарға да сұраныс көбейген.

Гүлбахар Турсиметова арнайы білім беру сыныбында әр оқушыға жеке көңіл бөледі. Педагог олардың сөйлеу қабілетін аз уақытта дамыту үшін сабақты қызықты өткізуге тырысады. Халық ертегілерін әдістемеге қосып, артикуляциялық жаттығулар орындатады. 

Ертегі терапиясы балалардың сабаққа қызуғышылығын оятуға әсер етеді. «Қиял-ғажайыпқа толы «Бауырсақ», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» сияқты шығармалар оқушылардың ой-өрісін дамытуға пайдасын тигізеді», - дейді маман. 

Гүлбахар Турсиметова, логопед:  

- Балада қашан нәтиже шығады, қашан толығымен кемістік жойылады, сол кезде жалпы сыныпқа арып оқиды. Ал логопедтік пунктегі оқушыларда тек қана 1-2-3 дыбыс қана болмайды. Олар 3-6 айдың көлемінде логопедтік сабақтан босатылады.

Мегаполисте 14 мыңға жуық бала инклюзивті біліммен қамтылған. Олармен 594 арнайы педагог жұмыс істейді. Балабақша мен білім беру ұйымдарынан бөлек қосымша интернаттар мен оңалту орталықтары құрылған. Мұндағы логопед-дефектологтар АБА, JASPER терапияларын қолданып, заманауи технологияларға бет бұрды. Сондықтан салада білгір мамандарға сұраныс көп.

Жеңісгүл Оспанова, қалалық «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы» ММ директорының м.а.:
- Мектепте психологиялық-педогогикалық қолдау құрылғаннан кейін әрбір баланың диагнозына қарай диогностика істейді. Психолог мамандар, арнайы мамандар. Бізде осы арнайы маман біліктілігін арттыру үшін 213 курстардан өткен. Жылына 5 рет мектепте консилиум болып тұрады.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, келер жылдан бастап жаңа көмекші мамандықтар жұмысқа тартылады. Ол үшін аймақтағы оқу орталықтарына сұраныс жолданып, кәсіби маман даярлауға ұсыныс берілген.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов