Көкшетауда алғаш рет ұстаздар саммиті өтті

Іс-шара аясында әлемге танымал педагогтар арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Алқалы жиында инклюзивті білім беру, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту және жасанды интелект арқылы сабақ өткізу сынды бірқатар мәселе талқыланды. Сонымен қатар, білім беру саласындағы тың тәсілдер мен авторлық курстар ұсынылды.

Аймақ ұстаздарының біліктілігің шыңдап, заман талабына сай жетілдіру. Екі күнге жоспарланған саммиттің басты мақсаты осы. Бұл ретте әлемдік тәжірибеге сүйену аса маңызды. Сондықтан жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен білікті педагог сарапшылар шақыртылған. Олар жергілікті ұстаздарға арнайы дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.

Ермек Мәжитов, ұстаздар саммитінің жетекшісі:

- Ұстаздар саммитінің ең негізгі мағынасы – ол халықаралық және отандық білім сарапшыларын бір алаңда жинап, пікір алмасу. Сонымен қатар әлемдегі әртүрлі бағыттағы білім саласындағы болып жатқан жаңалықтарды бөлісу. Яғни бұл әлемде емес, Қазақстандағы мұғалімдердің пікірін, ой алмасуын көрсету.

Еркін форматта өткен кездесу барысында ұстаздар сарапшыларға сауалдарын қойып, жауап алды. Әсіресе жасанды интелект бағытындағы сабақтарға сұраныс жоғары. Қазір өңір мұғалімдері тың тәсілді біртіндеп сабақтарында қолданады. Бірақ отандық сарапшылар бұл бағытты әлі де дамыта түсу керектігін алға тартып отыр.

Марат Ыбраев, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

- Қазіргі заманғы өзекті бағыттың бірі білім беру процесін қолдана отырып жасанды интеллектті дамыту. Яғни жасанды интелект арқылы ұстаздар өз уақытын үнемдер, оқушыларға мол ақпарат бере алады. Сондықтан бұл форум біздің педагогтарымыздың кәсіби өсуіне түрткі болады деп ойлаймын.

Жалпы аймақта осындай саммит алғаш рет ұйымдастылып отыр. Бұл жергілікті мұғалімдер үшін үлкен мүмкіндік. Енді аймақ ұстаздары жиында үйреген тың тәсілдерді теориялық тұрғыда ұштастыра түсеріне сенім мол.

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный