Өзбекстанда «Horizon Europe» бағдарламасына арналған семинар өтті
Еуропалық одақтың ғылыми зерттеу мен инновацияларды қаржыландыру бағдарламасы Орталық Азиямен ынтымақтастығын жалғастырмақ, деп хабарлайды 24KZ. Осы мақсатта «SECCA» жобасы «Horizon Europe» платформасына өтінім беруге ниетті ғалымдарды жаңа нетворкинг алаңына шақырады. Таяуда Ташкентте Еуроодақ – Орталық Азия ғылыми ынтымақтастығының мүмкіндіктерін ашу тақырыбына арналған семинар өтті. Еліміз атынан бұл басқосуға ғылым қорының жетекшілері қатысып, әртүрлі мемлекеттегі әріптестерімен тәжірибе алмасты.
«Horizon Europe» – Орталық Азияда тамырын тереңге жайып келе жатқан бағдарлама. Бұған дейін оның қаржылық мүмкіндігіне аймақтағы 42 жоба және 62 ұйым қол жеткізді. Ғылыми зерттеу және инновациялық бастамалардың бір парасы елімізде де жүзеге асып келеді.
Әлия Сембаева, Ғылым қоры басқарма төрағасының орынбасары:
- Назарбаев университетінде «Horizon Europe» бағдарламасы аясында жасыл энергетика саласы жобасы жүзеге асырылды. Инженерия және химия мектебі өз өтінімін жолдап, жеңіске жетіп, көздеген нәтижесіне қол жеткізді. Одан бөлек, осы оқу орнының мемлекеттік саясат мектебінде де әлеуметтік-гуманитария ғылымына арналған жоба қолдау тапты.
Қазір бағдарламаның жаңа кезеңіндегі жобалар қаржыландырылып жатыр. Ұйымның 2027 жылға дейінгі жалпы бюджеті 95,5 млрд еуро шамасында. Қазақстан және Өзбекстан ғалымдары соның бір бөлігіне иек арта алады. Ташкенттегі семинар барысында «Horizon Europe» өкілдері халықаралық ынтымақтастықтың маңызына тоқталды. Конкурсқа қатысу және ғылыми еңбекті жетілдіру жолдары түсіндірілді.
Наталья Шатиришвили, «SECCA» жобасының еуропалық бағдарламалар бойынша сарапшысы:
- Бағдарламаның мүмкіндіктері кең. Барлық салаға қаржы тартуға болады. Алайда біз тұрақты энергетика саласына басымдық беріп отырмыз. Қазақстан мен Өзбекстанның сол бағытта ұсынатын жобалары көп. «Horizon Europe» халықаралық ынтымақтастық негізінде ғалымдардың энергетика саласындағы зерттеулері мен инновацияларын айтарлықтай ілгерілетуге көмектесетін болады.
Илзе Пуриня, «SECCA» жобасының энергетикалық сектор бойынша сарапшысы:
- Бүгінгі іс-шарамыз еуропалық көкжиек бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіруге арналды. Бұл ретте еуроодақтың қаржыландыруымен жұмыс істейтін «SECCA» жобасы үшін тұрақты энергетиканы дамыту маңызды екенін айтқым келеді. Өз кезегінде біз бағдарламаның бесінші кластері климат, энергетика және көлік бағытымен жұмыс істеуді ұсынамыз. Семинар екі елдің ғалымдарына сол бағыттағы жұмысты жүйелеуді, тәжірибесін арттыруға жол ашады.
Былтыр мұндай басқосудың алғашқысы Қазақстанда ұйымдастырылған еді. Алдағы уақытта ол Өзбекстаннан бөлек, Түрікменстан және Қырғызстанда жалғасын табады. Осы ретте Еуроодақ тарапы Орталық Азияның энергетика саласын дамытуға атсалысып, ғалымдардың бастамасын қолдайтынын жеткізді.
Авторы: Рауан Мыңбаев.