Өскеменде «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынының облыстық турнирі өтті

Өңірдің әр түкпірінен 31 өрен жиналды, деп хабарлайды 24kz.

Зерек пен зейін сыналатын додада жеткіншектер республикалық деңгейдегі жарысқа жолдама алу үшін өзара білім бәйгесіне түсті. Дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуге арналған жобаны Оқу-ағарту министрлігі мен «Хабар» Агенттігі бірлесіп ұйымдастырды.

Өз ауыл-аймағынан іріктеліп келген оқушылар бірден тест залына кірді. Алдарына алпыс сұрақ жазылған парақ ұсынылды. Дәл осы сынақтан үздік нәтиже көрсеткен 12 бала ғана облыстық турнирде өзара бақ сынаспақ. Күршім, Қатонқарағай, Марқакөл, Зайсан, Самар сынды алыс-жақын ауандардан ат арылтып келген жеткіншектердің дайындығы жаман емес.

Гүлнұр Ғадылбекқызы, Тарбағатай ауданы білім бөлімінің әдіскері:

- Әрине, оқушылар бүгінгі күні дайындалып, барлық музыка жағынан болсын, өнер жағынан, физика, математика, жаратылыстану биология жағынан да оқып, зерделеп, жан жақты дайындалды. Меніңше, бұл балаларға үлкен стимул береді екен XXI ғасыр көшбасшысы деген сайысқа келгенінің өзіне қатысқанының өзіне оқушылар өте қуанышты.

Тест қорытындысында іріктелген 12 оқушы бірден соңғы айналымға өтті. Мықтылардың мықтысы бір-бірімен бетпе-бет жүздескен сәт тартысты болды. Тықылдаған сағат, сан алуан сұрақ. Білім ғана емес, шапшаңдық пен ширақтық та сынға түсті.

Қатысушылардың бірі лезде жауап тауып жатса, енді бірі мүдіріп жатқанына қынжылғаны байқалады. Марқакөлден келген Ұлағат: «Қобалжығаным сондай, біліп тұрған сөзімді айта алмай қапаландым», - дейді.

Ұлағат Бақытбек, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» ойынына қатысушы:

- Біліп тұрып, бірақ ауызыма түспейтін сұрақ болды. Қиын болды сұрақтары, шыққан кезде ббасында қобалжу болды, сондықтан кейбір сқрақтарды ұмытып та тұрдым.

Ең бастысы, бұл оқушылар үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. «Көшбасшылық мінез-құлық дәл осындай бәсекеде шыңдала түседі», - дейді сайысты ұйымдастырушылар.

Жанна Садықова, ШҚО ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары:

- XXI ғасыр көшбасшысы ойыны на қатыса отырып, оқушылар өз бойындағы лидерлік, көшасшылық қасиеттерін дамыта алады. Бұл ойында оқушыларға әр салада, өнер, спорт, ғылым, әртүрлі салада өздерінің білімдерін шыңдайды.

Екінші айналымның жеңімпаздары да белгілі болды. Олар – Мөлдір Қабылғазы, Меруерт Қайратбекқызы, Абылайхан Айткешов, Бекжан Қасым, Ерасыл Ерліков. Үздік бестік енді облыс намысын республикалық деңгейде қорғайтын болады. Жеңіс тұғырынан көріне алмаған жеткіншектер де ескерусіз қалған жоқ. Олардың арасынан 2-3 орын иегерлері анықталып, дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов