Көмір күлінен жол салуға болады

Күлден де жол салуға болады. Біздің елдің ғалымдары көмір қалдығын кәдеге жаратудың жаңа тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ. Сөйтсек, сіз бен біз күнделікті тұрмыста тұтынып жүрген көмірдің құрылыста да көл-көсір пайдасы бар екен. Бұл жаңалық сын садағына жиі ілінетін салаға серпіліс әкеле ала ма? 

Күлдің көл-көсір пайдасын дәлелдеуге тырысып жүргендердің бірі – Қайрат Мұхаметқалиев. Ғалым өз зерттеуін бір жыл бұрын бастаған. Ол жанған көмірден минералды ұнтақ жасады. «Алынған өнім арнайы сатылатын ұнтақтан еш кем емес», – дейді. Оның үстіне көмір жағатын біздің елде күлдің де қоры жеткілікті. Қазір ғалым бұл өнертабысын сынақтан өткізіп жатыр.

Қайрат Мұхаметқалиев, ғалым:

- Бұл қалдық электр энергиясын өндіру үшін көмірді пайдаланатын жылу электр орталықтарынан шығады. Яғни, көмірді жаққаннан кейін осындай күл пайда болады. Оның құрылымын өзгерте отырып, құрылысқа қажет жаңа материал алуға болады. Біздің мақсатымыз – өндірістік қалдықты кәдеге жарату. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бұрыннан бар. Енді біздің елде іске асырылса дейміз, себебі бұл тегін құрылыс материалы ғана емес, қоршаған орта үшін де залалсыз.

Елімізде көмірді отын ретінде пайдаланатын 30-дан астам жылу орталығы бар. Олардан жиналған қалдық көлемі 15-20 млрд тоннаға жуықтайды. Бірақ техногендік қоқыс бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені ешбір жерде ресми есеп жоқ. Ал ғалым қарапайым күлді кәдеге жарату арқылы одан 300-ден аса жаңа өнім алуға болатынын айтады. Әсіресе жол құрылысы саласында таптырмас шикізат. Мұндай тәсілмен салынған жолдар екі есе ұзақ қызмет ететін көрінеді. Кәсіби маманның ізденісі талапты жастарды қанаттандыра түсті.

Манарбек Жұмамұратов, ғылыми қызметкер:

- Біздің мақсатымыз терең зерттеу жасап, стандартты минералды порошоктан жоғарылату болып саналады. Үш түрлі материал алдық осы күлден «активировать» етіп, қазіргі кезде сынақтар өткізіп жатырмыз. Негізі минералды порошок инертті материал мен битумның арасында үйкеліс жақсы болуы үшін керек.

Қазір ғылыми орталық мамандары еліміздегі ірі өндіріс орындарымен келіссөз жүргізе бастады. Сабақты ине сәтімен болса, өндірістік қалдықтар жол құрылысы саласының тынысын ашпақ. Бұл бастаманы Көлік министрлігі қолдап, арнайы жұмыс тобы құрылған.

Нұртілек Хасенов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті басқармасының басшысы:

- Көлік министрлігі өндірістік қалдықтарды пайдалану бойынша ҚазжолҒЗИ-ға арнайы тапсырма берді. Бәірінші үлкен өндірістік кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіліп, қалдықтардан сынамалар алынып, долдағы материалдармен оларды тестілеу бойынша тапсырмалар берілді. Зерттеудің нәтижесінде қаншалықты тиімді, физико-механикалық қасиеттері, жолдың беріктігіне, тағы басқасына сай екенін көрсету үшін жұмыстар басталып кетті.

Жалпы елімізде бұған дейін де қалдықты қайта өңдеу арқылы салынған жолдар баршылық. Астана-Шучинск, Астана-Павлодар-Семей және Омбы-Майқапшағай күрежолдарында боксит шөгінділері қолданылды.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Диас Қобланбаев.