Қ. Тоқаев: Қазақстан мен Ресей көптеген салада бірлесе жұмыс жүргізіп келеді

Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы кейінгі бір жылдың ішінде құрылған. Президент мақаласында бұл көрсеткішті ынтымақтастық қарқынымен байланыстырып, сауда-экономикалық серіктестікке тоқталды. Екіжақты инвестиция көлемі де ұлғайды. Былтыр солтүстіктегі көршімізден ел қазынасына 3 миллиард доллардан астам қаржы келді.

Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптардың бизнес жүргізуге қолайлы орта қалыптастырып, инвесторларды қолдауға қажетті барлық жағдайды жасап отырғанын мәлімдеді. Жазбада энергетикалық жобаларды да жан-жақты жазған. Айтап айтқанда, қазір елдің бірқатар аймағын газбен қамтамасыз етуге және тасымалданатын Ресей энергетика ресурстарының көлемін арттыруға қатысты ауқымды бастамалар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан мен Ресей энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салада бірлесіп, ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Осыған дейін жалпы құны 18 миллиард доллардан асатын 90-нан астам жоба іске қосылды. Қазір де болашағы зор 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы маңызды жобалардың ішінен Қазақстанда 3 жылу электр орталығының құрылысы басталғанын және Екібастұз ГРЭС-ін жаңғырту жұмыстарын атап өтуге болады.